Милан университетінің ғалымдары жеуге болатын батарея ойлап тапты
Милан университетінің ғалымдары жеуге болатын батарея ойлап тапты.
Мамандар бұл медицина саласына үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін деп отыр. Ал Лондондағы "Харли стрит клиникасы" шашты түсірмейтін қосымша жасап шығарды.
Италиялық ғалымдардың ойлап тапқан батареясы толықтай тағам өнімдерінен жасалған. Оның құрамында бадам, кеуел, белсендірілген көмір, су балдыры және ара балауызы бар. Мысалы, белсендірілген көмір тоқты өткізу үшін қолданылса, балдыр оны қысқа тұйықталудан қорғайды. Қуаты 0,65 вольттай болатын батарея 12 минут ішінде 48 микроампер тоқ бере алады.
Марио Кайрони, жоба үйлестірушісі:
- Бұл батарея жұмыс істеуі үшін екі материал қолданылады. Анод ретінде суда тез еритін рибофлавин пайдаланылады. Ол бадамнан алынады. Ал катод үшін тағамға қосымша ретінде ішетін кверцетинді қолданамыз. Мұны кеуелден алуға болады.
«Ғалымдардың пікірінше, бұл технология асқазан-ішек ауруларын емдеуге зор ықпал етуі мүмкін. Себебі, қазір кей елдерде осыған ұқсас ішке жұтатын құрылғылар болғанымен олар асқазанда өздігінен қорытылып кетпейді», - дейді мамандар.
Марио Кайрони, жоба үйлестірушісі:
- Бұл батарея бізге датчик сияқты құрылғыны жұтуға көмектесе алады. Ол ішке түсіп, белгілі мндеттерді атқарған соң тағам сияқты қорытылып кетеді.
Лондонда шаштың түсуімен күресуге көмектесетін қосымшаны іске қосты
Ал Лондондағы клиниканың бірі шаштың түсуімен күресетін қосымшаны іске қосты. Ол адамдарға мұндай құбылысты тоқтату бойынша кеңес алып, процессті қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл үшін шашыңызды суретке түсіріп, қосымшаға жүктесеңіз жеткілікті.
Надим Хан, Harley street hair clinic емханасының бас директоры:
- Бұл қосымшаның басты ерекшелігі онда кеңесті тікелей дәрігерлер береді. Қазір нарықта осыған ұқсас басқа бағдарламалар бар. Бірақ олар чат-боттармен басқарылады. Яғни олардың кеңесі дәрігерлердің көмегіне ұқсамайды.
Лондон емханасы жасап шығарған қосымша тегін. Сондай ақ дәрігерден қанша кеңес алам десеңіз де өз еркіңіз. Мамандар жоба соңғы уақытта азаматтардың шетелге барып шаш ауыстырып салу бойынша күмәнді операцияларды азайтуға ықпал етеді деп үміттенеді.
Авторы: Дәурен Ақашұлы