Ұлыбритания үкіметі халықты шылымның орнына электрондық темекіге ауысуға шақырды
Ұлыбритания үкіметі халықты шылымның орнына электрондық темекіге ауысуға шақырды.
Арнайы бағдарламаға қатысқан британиялықтарға электронды нұсқасы тегін ұсынылатын болады. Ал аяғы ауыр әйелдерге, тіпті, қаржылық бонустар төленбек.
Биліктегілер осылайша зиянды әдетке бой бергендердің санын айтарлықтай азайтуды көздейді.
Лондон орталығында орналасқан электрондық темекі сататын дүкеннің иелері бұрын шылымды серік еткен. Зиянды әдеттің кесірінен денсаулықтары сыр бере бастаған соң дәрігерлердің кеңесімен электронды нқсқаға көшкен. Өйткені вейп темекіге қарағанда қауіпсіз. Бүгін өздері лондондықтарға электрондық темекі сатып отыр.
Шах Риаз, менеджер:
- Мен вейпингті қолдайтын дәрігерлер мен фармацевтерге толық қосыламын. Өз басым шылымға өте қатты құмар болдым. Күніне, мүмкін, 2 қорап темекі шеккен шығармын. Бала кезімде фитнес, таэквондомен айналысқанымның бәрі далада қалды. Жүгіруім қиындап, әлсіз бола бастадым. Вейпингке көшкеннен кейін жағдайым жақсара түсті.
Ұлыбритания Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы шылымқұмарлықтан арылғысы келетіндерді вейп пайдалануға бұрыннан үгіттеп келеді. Енді олардың ұсынысын үкімет қолдай бастады. Жаңа бастамаға сәйкес, әрбір бесінші шылым шегушіге электрондық темекі тегін ұсынылады. Бұдан бөлек зиянды әдеттен құтылғысы келетіндерге ақпараттық қолдау көрсетіледі. Тіпті жүкті әйелдер де назардан тыс қалмайды. Оларға ваучерлер беріледі.
Нил О’брайен, Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрі:
- Өмір бойы темекі шегетін үш адамның екеуі осы зиян әдеттен бақилық болады. Темекі - адамды өлтіретін ашық саудадағы жалғыз өнім. Біз бір миллион шылымқорға темекіні тастауға көмектесіп, “Тоқтату үшін айырбастау” атты жаңа ұлттық науқанды қаржыландырамыз. Осындай бастама көтерген әлемдегі бірінші мемлекет
болғалы тұрмыз.
Үкіметтегілердің пікірімен келіспейтіндер де бар. Кейбір ғалымдар бұл бастамаға күмәнмен қарайды. Вейп әлі толық зерттелмеген дейді олар.
Джонатан Скотт, адам анатомиясы институтының сарапшысы:
- Қазір бізде шылымның кері әсері және ұзақ мерзімді салдары туралы ақпарат жеткілікті, ал электрондық темекілер туралы әзірге көп нәрсе біле бермейміз. Вейп иммундық жасушалардың дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Ең дұрысы екеуін де пайдаланбау.
Ұлыбританиядағы темекі шегудің орташа деңгейі дүниежүзімен салыстырғанда төмен болғанымен, үкімет шылымқорлықпен аяусыз күресіп келеді. Бұған дейін темекіге салынатын баж салығын екі есе қымбаттатып, шылым шегуге қарсы ұйымдарды үздіксіз қаржыландырудың арқасында шылым шегетіндердің саны рекордтық 13%-ке дейін төмендеген болатын. Ал енді оларды 5%-ке дейін азайту жоспарланып отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы