Әлемде зейнетақы мен зейнет жасы мәселесі күрделеніп барады
Дәл қазір дүние қырық құбылып тұр. Францияда зейнетақы реформасына қарсы шыққан елдің шуы басылар емес. Кәсіподақ ұйымының хабарауынша, 1 млн-нан аса адам көшеге шыққан. Ал Ішкі істер министрлігі 400 мыңдай дейді. Француздар 1 мамырда бұдан да ауқымды шара өткізуге бекінген. Өйткені билік өз айтқанынан қайтар емес.
Тұрғындар зейнетке шығу жасын ұлғайту реформасына қарсы. Қазір Францияда ол – 62 жас. Бірақ реформадан кейін франуздар 64 жасында зейнетке шығатын болады. Алдағы топтамада өзге де елдердің тәжірибесіне тоқталып өтемін.
ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ЗЕЙНЕТКЕ ЕРТЕ ШЫҒАДЫ
Францияның зейнетақы реформасы 1945 жылы қолға алынды. Қазір тұрғындар 62 жасында зейнетке шығады. Бірақ президенттің ұсынып отырған реформасынан кейін ол көрсеткіш 64 жасқа дейін ұлғаяды. Соның өзінде де бұл Батыс Еуропа бойынша ең төменгі меже саналады. Салыстыру үшін айтсақ, немістер мен итальяндықтар 67 жасында, ал британдықтар 66 жасында зейнетке шығады. Францияда шахтерлер, депуттар, опера әртістері, теміржол не ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін ерекше шарттар қарастырылған. Мәселен, пойыз машинистері 50 жасында зейнетке шыға алады. Алайда енді оған 2 жыл қосылады.
Билік бастама туралы қаңтарда жария еткен. Сол уақыттан бері ереуілдер толастамай тұр. Статистика қызметінің мәліметінше, Франция халқының 73%-і бұл реформа бойынша ұлттық референдум өткізуді талап етеді екен.
Софи Бинет, CGT кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы:
- Біз Конституциялық Кеңестің даналығына сенеміз. Оның саяси масштабы кең, Кеңестің мүшелері дұрыс шешім шығарады деген ойдамыз. Дағдарыстан шығудың жолы – азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру. Елисей сарайы халықтың пікірін тыңдаудан қашып отырған бұл мәселеде жалғыз шешім –осы. Зейнетақы реформасын қолдау я қарсы екенін нақ білу маңызды.
ОРТАША ЗЕЙНЕТАҚЫ – 1100 ЕУРО
Еуропадағы тағы бір ел – Бельгияда тұрғындар 65 жасында зейнетке шығады. Билік оны 2030 жылға таман біртіндеп 67-ге дейін ұлғайтуға ниетті. Корольдікте қызметкерлер жалақысының 7,5% зейнетақы жүйесіне құяды. Ал жұмыс беруші 9% төлейді. Сөйтіп, бүгінде елдегі орташа мемлекеттік базалық зейнетақы 1100 еуро шамасында. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар әлдеқайда көп алады. Оларға ай сайын 2600 еуро төленеді.
ЗЕЙНЕТКЕ 67 ЖАСТА ШЫҒАДЫ
Ал америкалықтар 67 жасында зейнетке шығады. Меженің жоғары болуы елде өмір сүру ұзақтығының артуымен түсіндіріліп отыр. Негізі зейнетке бұдан ерте, яғни 62-де шығуға да болады. Алайда тиісінше төлемдер аз болады. Билік тағы жұмыс істеп, 70 жасымда зейнетке шығамын дегендердің бетін қайтармайды. Олардың зейнетақысыда жоғары болады. Елде оның орташа көрсеткіші – 1600 доллар шамасында.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Түркияда зейнетке шығу үшін жасыңызбен бірге жұмыс күніңіз де сәйкес келуі керек. Ал егер еңбек өтілі жетпей қалса, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Қазірге ереже бойынша, зейнетке шығу құқығына ие болу үшін жас және жұмыс күні бірге есептеледі. Мәселен, әйелдер 58 жаста, ер кісілер 60 жасқа толғаннан кейін зейнетке шығуға міндетті. Сонымен қоса әйелдер 5400, ер кісілер 7200 жұмыс күндерін толтыруы керек. Дегенмен еңбек өтілін жалғастырғысы келетіндерге жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Бұған дейін түрік азаматтары тек жұмыс күндерін толтырып, жасқа қарамай зейнетке шыға беретін. Тіпті ел арасында 40 жасына келмей зейнетке шыққандар баршылық. Мәселен, біздің сұхбаттасқан Мурат Өзсайгылы –фармацевтика саласының бұрынғы қызметкері. Жеке кәсіппен айналысқандардың ережесі жайлы айтып берді. Түркияда зейнетақының ең төменгі мөлшері 175 мың теңге шамасында.
Мурат Өзсайгылы, зейнеткер:
- 1985 жылы 25 жасымда фармацевт ретінде қызметке кірісті. Әлеуметтік сақтандыру басқармасына ресми тіркелдім. 25 жылдан кейін зейнетке шығу құқығына ие болдым. Бұл 9 мың жұмыс күніне тең келеді. 50 жасында зейнетке шықтым. Қазір 63 жастамын. Әлі де жеке кәсібіммен айналысып жүрмін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Алайда зейнет жасының төмен болуы зейнеткерлер санын күрт арттырып, еңбекке жарамды халықтың үлесін төмендетуіне байланысты үкімет бұл заңға өзгеріс енгізді. Зейнеткерлік жасты арттыруға қатысты өзгерістер экономиканы тұрақтандыру және мемлекеттік бюджет тапшылығының пайда болуына жол бермеу үшін қабылданды. Түркия үкіметі бұл зейнет жасын ұлғайтудың соңғы толқыны емес екенін атап өтті. 2046 жылға қарай ерлердің зейнет жасын 65-ке дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ел басшылығының жоспары бойынша 2048 жылдан кейін әйелдер де 65 жастан кейін зейнетке шығады.
Айта кеткен жөн, Түркияда жұмыс күні мөлшерін толтырып, жас жетпеуіне байланысты зейнетке шыға алмай жүргендер бірер апта бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік алды.
Тіпті өмірінде айлық алмағандар да зейнетке шығу құқығына ие. Ол үшін азамат ай сайын ең төменгі сақтандыру мөлшерін төлеп тұруы тиіс. Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылардың бір көз жұмған жағдайда екіншісінің зейнетақысы ерлі-зайыптылардың біріне «жесірлік зейнатақысы» тағайындалады. Соңғы өзгеріске сәйкес 1998 жылына дейін сақтандыру төлемін жасаған 25 жылын толтырғандардың бәрі зейнетке шығуға мүмкіндік алды.
ҚАРТТАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Қытайда зейнетке шығу жасын ұлғайту жоспарлынып отыр. Алайда оған тұрғындар қарсы. Қазір мұнда ер адамдар 60-та, әйелдер 55 жасында зейнетке шыға алады. Жұмысы ауыр саналатын қызмткерлер үшін ол меже 5 жылға қысқарады. Жалпы, 2035 жылы Қытай тұрғындарының 30%-і жасы 60-тан асқан азаматтар болады деген болжам бар. Яғни, халқы қартайып барады. Сондықтан бәріне зейнетақы төлеуге ақша жетпеуі мүмкін. Сол себепті былтырдан бастап жекеменшік зейнетақы бағдарламасы да іске қосылды. Тұрғындар қорға өздері ақша сала алады. Ол жылына 12 мың юаньннан аспау керек. Бұл біздің ақшамен 800 мың теңге шамасында.