Австралия алапат «Ильза» циклонынан зардап шекті

Мұндай дауыл елде кейінгі 8 жылда болмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе елдің солтүстік-батысына ауыр тиген. Циклонның қауіптілігі ең жоғары 5-ші деңгейге көтеріліп отыр. Желдің екпіні Бедаут аралында сағатына 220 шақырымға жетті. Бірқатар аймаққа алдын ала ескерту жасалғандықтан шығын көлемі әлде қайда аз болды, - дейді мамандар. Порт-Хедленд теміржолы қазір жабылып, жолаушылар жолдан қалды. Зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат түскен жоқ. Метеорология қызметі алдағы күндері циклон оңтүстікке қарай ойысады деп болжайды.

Айта кетейік, мұндай дауыл елде соңғы рет 2015 жылы болған. Сол кезде «Марсия» циклоны Квинслендте үйлерді қиратып, инфрақұрылымды бұзып, талай адам зардап шеккен еді.