Әлем ауаның ластануына алаңдаулы

119 миллион американдық лас ауамен тыныс алуға мәжбүр.

Яғни әрбір үшінші тұрғын экологиясы нашар өңірде тұрады деген сөз. Елде жыл сайын тиісті баяндама жария етіледі. Биылығысының нәтижесі өткен жылмен салыстырғанда біршама жақсарып қалған. Дей тұрғанмен ахуал әлі алаңдатарлық. Мемлекет көмірден толықтай бас тартқан жоқ. Экологиялық жағдайдың нашарлауының бір себебі осы. Жалпы АҚШ-та 92 ядролық реактор бар. Бұл әлем бойынша ең үлкен көрсеткіш. Олар елде тұтынылатын электр энегиясының 20 процентін қамтамасыз етеді. Бірақ көп реактордың салынғанына 50 жылдан асып кеткен. Сондықтан олардың жұмысын тоқтату мәселесі жиі көтеріліп келеді. Ал бұл жағдайда электр қуатының тапшылығы көмірді не мұнайды жағу есебінен өтеледі. Бұл жағдайда елде лас ауа салдарынан  жыл сайын 5200 адам көз жұмуы мүмкін дейді сарапшылар. АҚШ-та экологиялық ахуалдың нашарлауының тағы бір себебі - орман өрті. Антирекордта Лос-Анджелес көш бастап тұр. Алғашқы бестікке кірген 5 шаһардың төртеуі орман өртінен жиі зардап шегетін Калифорния штатында орналасқан. Ауаның ластануына көліктен бөлінетін зиянды заттар да өз кесірін тигізіп отыр.

Джон Грэм, Индиана Университетінің профессоры:

- АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі көліктер үшін жаңа стандарттар ұсынып отыр. Соларды қолдану нәтижесінде 10 жылдан кейін ауадағы зиянды заттар мөлшері қазіргіден 56 процентке аз болу керек. Мамандардың ұсынып отырған талаптары қатаң. Сол себепті 10 жылдан кейін еліміздегі темір тұлпарлардың үштен екісі электрмобиль болса, таң қалмаймын.

Азиядағы ахуал да алаңдатарлық. Былтырғы антирейтингте ауасы ең лас 5 қаланың бесеуі де осы материкте орналасқан. Бұл Үндістан, Пәкістан мен Қытайдағы мегаполистер. Оған кәсіпорындардан бөлінетін зиянды заттар себеп. Оның үстіне аталған елдерде адам саны мол. Тиісінше экологияны ластайтын көлік те көп деген сөз. Бұл деректерді шынайы уақыт тәртібінде жария етіп отыратын Ай Кью Эйр сайтында бүгін антирейтингте тағы да Азия шаһарлары көш бастап тұр. Бірінші орында Вьетнам астанасы Ханой. Алғашқы бестікке Таиландтың екі қаласы кірген.

Вьетнам

БЛИЦ

- Ауаның ластануы күрделі мәселеге айналып барады. Далада ұзақ уақыт серуендей алмайсыз. Өйткені денсаулығыңызға алаңдайсыз. 

- Бұл проблемамен қалай күресеміз? Не істерімді білмеймін. Жеке өз басым тысқа бетперде тағып шығамын.

Ауаның ластануы Еуорпа үшін де өзекті мәселе. Бұл ретте Еуропалық Одақ парниктік газ шығаруды реттейтін "Шекарадағы көміртек түзетулері" деп аталатын жүйені бекітті. Құжат 2030-шы жылға дейін бірлестік аумағында зиянды газды шығаруды 55 пайызға азайтуды көздейді. Бұл шаралар Одақ өндірушілері үшін бірдей жағдай жасауға бағытталған. Ол болат, цемент, алюминий және тыңайтқыш шығару салаларында қолданылады. Жаңа талаптарға көшу процесі 1 қазанда басталады.

Франция

Роберта Метсола, Еуропарламент төрағасы:

- "Еуропа "жасыл төңкерістің" көш басында. Біз климаттың өзгеруімен күресті күшейтеміз. Жаңа заң көміртек құнын белгілейді. Қоршаған ортаны көп ластайтын өнеркәсіп салалары ауаға зиянды қалдықтарды шығаруды азайтуы керек. Одақ аумағынан тыс жерлердегі өнідірушілер үшін де көміртек бағасы белгіленеді. Егер олар өз өнімін ұйым елдерінде сататын болса, ақы төлейді.

Лондонның империялық колледжінің мамандары ауаның ластануына қатысты жаңа зерттеу нәтижесімен бөлісті. Оның денсаулығымызға зияны біз ойлағанннан да орасан зор болуы мүмкін. Британдық ғалымдардың айтуынша, лас ауа жүкті әйелдерде баланың түсіп қалуына, құрсақтағы сәбидің салмағы төмен болып тууына әкеп соқтыруы мүмкін. Ал жасы кішкентай балаларда демікпеге шалдығу ықтималдығын арттырады. Ересектерде қатерлі ісік, инсульт және созылмалы аурулардан көз жұму оқиғалары көбеюі мүмкін. Ғалымдарды осы лас ауаның әсіресе адамның психикалық жағдайы мен ойлау қабілетіне кері әсер ететіні қатты алаңдатып отыр.