Ұлыбританияда ковидтің жаңа штамы анықталды

Ұлыбританияда ковидтің жаңа штамы анықталды.

"Алғаш Үндістанда шығып, Тұманды Альбионда тарай бастаған "арктурдың" жұғу қаупі жоғары", - дейді мамандар. Бұған қоса, ол антиденелерге өте төзімді болып келеді екен.

Үндістанда Арктурды жұқтырғандардың саны 60 мыңнан асып отыр. Денсаулық сақтау саласына басшылық ететін шенеуніктер жағдайды ушықтырып алмау үшін елдің кейбір штаттарында маска тағуды міндеттеуде. Вирус алғаш қаңтар айында анықталғанымен, әлем бойынша енді ғана кеңінен тарай бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылар жағдайды жіті қадағалап отырмыз дейді.

Ұлыбританияда әзірге Арктурды жұқтырғандар көп емес. Тұманды Альбионда тұрғындардың басым көпшілігі ковидке қарсы вакцина салдырғанына қарамастанвирусологтар жағдай күрделеніп кетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені жаңа вирустың антиденелерге төзімділігі өте жоғары екен. Сондықтан сарапшылар бетперде кию артық етпейді дейді.

Стивен Гриффин, Лидс университетенің профессоры, вирусолог:

- Британиялықтар сақтық шаралары туралы ұмытқан сыңайлы. Бізге, шынымен де, ауаны сүзгіден өткізетін тиісті маскалар тағу керек. Бөлмелердегі ауаның сапасын жақсартып, желдетіп отыру керек.

Тыныс алудың қиындауы және жөтел сияқты ковидтің негізгі белгілері жаңа вируста да бар. Бірақ оған енді кейбір балалар арасында конъюнктивит яғни көздің былшықтануы сияқты симптомдар қосылып отыр.

Бхарат Панкхания, Эксетер университетінің жұқпалы аурулар бойынша аға оқытушысы:

- Жаңа нұсқаның пайда болуы бізге вирустың әлі ешқайда жоғалып кетпегенін және биологиясы әлі тірі екенін анық көрсетеді. Арктур ағзаның иммунологиялық қорғанысының кейбір бөліктерін айналып өтуге қабілетті. Және жақын арада бүкіл әлемге таралуы мүмкін.

Вирус әзірге Сингапур, Австралия және АҚШ сияқты 22 елде анықталды. Ұлыбританияда Арктурды жұқтырғандардың саны 50-ге жуық. Ауырудың асқынғаны туралы әзірге дерек жоқ. Жаңа штамды тереңінен зерттеу ғалымдарға қиын болып отыр. Өйткені Ұлттық статистика қызметі коронавирус туралы ақпарат жинауды тоқтатқан. Геномдық қадағалау жүргізілмей келеді. Ал деректің азыдығы ғалымдардың қырағылығын азайтады дейді мамандар.

 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы