Еуропа Суданнан азаматтарын эвакуациялайды

Еуропа елдері азаматтарын Суданнан эвакуациялауды жоспарлап отыр.

Бұған ел астанасы Хартумде қарулы қақтығыстардың толастамауы себеп. Таяуда ғана Судан генералы Әбдел Фаттах Бурхан Судан азаматтық басқару жүйесіне көшеді, қақтығыстардың тоқтауын қамтамасыз етеміз деп уәде еткен еді. Алайда шабуылдар тоқтар емес. Соңғы деректерге қарағанда, Хартум және басқа аймақтардағы қарулы қақтығыстардан 600-ден астам адам көз жұмған. 3500-дей тұрғын жараланған екен. Қазір Германия мен Испания Суданға ұшақтар жіберіп өз азаматтарын ол аймақтан шығарып алуға кірісті. Сондай-ақ АҚШ пен Оңтүстік Корея да өз тумаларын құтқарып алатынын мәлім етті.