Түркияда Ұлттық егемендік және балалар күні тойланып жатыр

23 сәуір – Түркия Республикасының Ұлттық егемендік және балалар мерекесі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан 103 жыл бұрын түрік халқының бостандығы мен құқығының кепілі – Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі құрылып, ұлт көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік бұл күнді өскелең ұрпаққа арнайтынын жария еткен. Бұл күн жылда ел көлемінде тойланып, азаттықтың айшықты белесі дәріптеледі. Биыл да ел басшылары Ататүріктің қабіріне зиярат етіп, оның түрік халқына аманат етіп қалдырған тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтайтынын мәлімдеді.

Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі төрағасы:

- 103 жыл Ұлттық егемендік пен толық тәуелсіздігімізден қол үзбегенбіз. Алдағы ғасырларда да осы жолмен жүретін саналы ұрпақ өсіруді мақсат тұтып келеміз. Түркия Республикасы ұлтымыздың сенімді қолында мәңгілікке жалғасады. 

 

Ел көлемінде балаларға арналған әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалар мерекесінде жылда дәстүр бойынша мемлекет басшысы мен министрлер кабинеті мүшелері әртүрлі аймақтың балаларын қабылдайтын. Биыл апаттық аймақтың бүлдіршіндеріне құрмет жасалды.