Аргентинаның ұлттық валютасы 7% құлдырады

Аргентинаның ұлттық валютасы қара нарықта бір күнде 7% құлдырады.

Сөйтіп 500 песо 1 доллар болды. Бұл - жергілікті валютаның соңғы 9 айдағы ең төмен көрсеткіші. Үкімет жағдайды бақылауға алу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Ал тұрғындар болса, азық-түлік тағы қымбаттайды деп алаңдаулы.

Осыдан бір апта бұрын Аргентинаның қара нарығында 1 доллар 400 песо болған. Бірақ дүйсенбіден бастап оның бағамы күрт төмендеді. Нәтижесінде ресми курспен айырмашылық 124%-ке жетті. Жергілікті ұлттық банктің бағамы - 220 песо. Адамдар ұлттық ақшаның күн сайын құнсызданып бара жатқанына алаңдаулы.

Диего Траверсо, Буэнос-Айрес тұрғыны:

- Песоның арзандауынан жалақымыз төмендеп, ешнәрсеге жетпейтін болды. Банкте қаржы сақтау мүлдем тиімсіз. Жұмыс берушілермен еңбекақыны көтеру туралы келіссөзден нәтиже аз. Себебі песоның құлдырауы тоқтамайтын сияқты.

Самуэль Абрамето, саудагер:

- Мен бағаларды доллар күйінде көрсетпек болған едім. Бірақ валюта курсы құбылып тұр. Тауар бағасын күн сайын ауыстыратын болдық.

Ал песоның құлдырауына өткен аптада осы елдің сауда балансындағы қаржы тапшылығы әсер еткен. Ол күтпеген жерден 1 млрд доллардан асып кетті. Өйткені Аргентинада былтырдан бері жалғасып келе жатқан қуаңшылықтан экспортқа жөнелтілетін дәнді-дақылдар бітік шықпай, мемлекет кірісінен айрылды. Бірақ президент Альберто Фернандес қалыптасқан жағдай үшін оңшылдар партиясын айыптады.

Альберто Фернандес, Аргентина президенті:

- Бұл - оңшылдардың үнемі қолданатын тәжірибесі. Олар таңертең алдымен қауесет таратып, ал кешкісін биржада пайдасын көреді. Мұндай әрекеттен қарапайым аргентиналықтар зардап шегіп отыр.

Үкімет тығырықтан шығу үшін песоны девальвациялап, валюта нарығында интервенцияны күшейтті. Экономика министрі Серхио Масса жағдайды бақылау үшін барлық шараларды қолға алатынын мәлімдеді. Ал сарапшылар: «Биыл Аргентинаның экономикалық өсімі тұралап, тіпті 2,3 пайызға құлдырайды», - деп болжам жасады. Инфляция жыл соңына дейін 100%-тен асуы мүмкін. Бұл - үлкен жиырмалық елдері ішіндегі ең төмен көрсеткіш.

Авторы: Дәурен Ақашұлы