Чернобыль оқиғасына тура 37 жыл толды

26 сәуір Чернобыль оқиғасына тура 37 жыл толды. Жаһанды дүр сілкіндірген жарылыстың болғанына бірталай уақыт өтсе де, атом энергетикасының қауіпсіздігі жайлы сан түрлі пікір бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ сарапшылар: "Алаңдауға негіз жоқ", - дейді. Өйткені қазіргі талаптар күшейтілген. Бүгінде әлемде өндірілетін электр энегиясының 25%-і атом энергетикасына тиесілі. Сондықтан сарапшылар одан толықтай бас тартуға болмайтынын айтады.

Сарапшылар атом энергетикасынан толықтай бас тарту энергетикалық дағдарысқа әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтады.

 АЭС-КЕ ҚАТЫСТЫ ЕРЕЖЕ ҚАТАҢ

Чернобыль атом электр станциясындағы апат 1986 жылдың 26 сәуіріне қараған түні болды. Ол кезде төртінші энергетикалық блокта жоспарлы сынақ жұмыстары жүріп жатқан. Қуат күрт артып, жарылыс болды. Мұның соңы өртке ұласты. Ядролық оқиғалардың халықаралық межесі бойынша, оған қауіптіліктің ең жоғарғы – жетінші деңгейі берілген. Сарапшылар апатқа реакторды жобалау кезіндегі есептеулерден кеткен қателіктер мен қауіпсіздік техникасының төмен деңгейі себеп болды дейді. Бірақ қазір ондай проблема туындамау керек. Өйткені қауіпсздікке қатысты талаптар күшейтілген.     

Саябек Сахиев, ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» бас директоры:

- Чернобыльдегі атом электр станциясындағы апаттан кейін әлемде атом энергеткасына деген қауіпсіздік жөніндегі талап еселеніп артты. Чернобыльде де, Фукусимада да олар бірінші ұрпақтағы атом электр станциялары еді бұлар. Біз Қазақстанда су энергетикалық реакторын орнатайын деп жатырмыз.

 ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕГЕ ШОЛУ

Әлемде ең көп ядролық реактор орналасқан ел – АҚШ. Екінші орында – Франция. Мемлекет атом электр станциялары арқылы электр қуатын өндіру жағынан көш бастап тұр. Билік болашақта салаға салынатын инвестиция көлемін арттыруға ниетті. Президенттің айтуынша, ядролық шағын реакторларды дамытуға ден қою керек. Өйткені олардан ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың рұқсат етілген межесі аз. Ал қуат өндіруге келгенде қауқары жеткілікті дейді. Десе де кейбір елдердің билігі басқа пікірде. Сондай санаттағы мемлекеттердің қатарында Германия бар. Жапонияның Фукусима станциясында болған апаттан кейін неміс елі атом электр станцияларын жабу мәселесін жеделдетуге көшкен. Сөйтіп, жақында мұнда ең соңғы нысан жұмысын тоқтатты.  

Казимир Бур, Германияның Қоршаған ортаны қорғау институтының энергетикалық саясат жөніндегі кеңесшісі:

- Германияда электр қуатының өндірісіне атом станцияларының қосқан үлесі аз. Өткен қыста соңғы 3 станциямыз тек 5% берген.

Бірақ станциялар орналасқан қала тұрғындары бұған қарсы. Өйткені олар жоғары жалақыдан және жұмыс орындарынан айырылады. Атом электр станцияларынан бас тарту салдарынан Германия экономикасы 12 млрд доллардан қағылып отыр. Америкалық ғалымдардың айтуынша, неміс елі станцияларды жапқанымен көмірді көп жағатын болады. Демек бұл ауаға көмірқышқыл газының қосымша ондаған миллион тоннасының бөлінуіне әкеп соқтырады деген сөз.