Таиландта 10-нан аса адамды өлтірген әйел ұсталды

Таиландта полиция 10-нан аса адамды улап өлтірген әйелді тұтқындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

36 жастағы келіншек достары мен олардың жақындарын ажал құштырған. Ол жауыздық әрекетін цианидпен, яғни химиялық затпен жүзеге асырған. Ал қылмыстың бәрі қаржымен байланысты болған. Жас келіншек күдікке осыдан 2 аптадай бұрын құрбысының өлімінен кейін ілінеді. Тергеу оның да ағзасынан цианидті табады. Бұл басқа қылмыстарды ашуға көмектескен.  

Анек Таосупарп, Бангкок қаласы Қылмыспен күрес жөніндегі полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Бізде қылмыс цианидпен жасалғандығына нақты дәлелдер бар. Қолдағы мәліметтер күдікті оны қолданғанын анық көрсетіп отыр.

Порнтип Шривалират, күдіктінің көршісі:

- Мен ол туралы жаңалықтардан естіген соң оның қаншалықты жауыз болғанына басында сене алмадым. Әдетте ол үйіне оралған соң ешкіммен араласпайтын. Көбіне әке-шешесіне немесе бір жаққа кетіп қалатын.