Шетелдік гидтер Грузияның туризміне кері әсер ете ме?
Шетелдіктер Грузияда қалай гид болып жүр? Мұнымен жергілікті мамандар айналысуы керек емес пе?!
Жергілікті жұрт осыған таң әрі өкпелі. Өйткені сырттан келгендер туристерге Грузияны тек тамақ пен шараптың отаны деп насихаттайды. Ал ұлттық құндылық, мәдени мұралар қайда қалады?!
Гид болып жұмыс істейтіндердің табысы жаман емес. Грузияға сырттан келген мамандардың өзінің клиенттік базасы бар. Жергілікті әріптестеріне қарағанда қызметінің құны да төмен. Бірақ грузиндік жолсілтеушілерді қынжылтып отырғаны бұл ғана емес. Олар шетелдік мамандардың біліксіздігі елдің беделіне нұқсан келтіретініне алаңдайды. Сол себепті де оларға туризм саласында жұмыс істеуге тыйым салу керек, - дейді.
Наталия Андроникашвили, гид:
- Бүкіл елде туризм мәдениет мен тарихың бір бөлігі саналады. Ал мемлекеттік тілді білмейтін адамдар біздің кітаптарды оқи алмайды. Тарихымыздан бейхабар. Демек оларда туризмде жұмыс істейтін адамның бойында болуы тиіс қасиеттер жоқ. Соның кесірінен Грузияға қатысты бұрыс пікірлер қалыптасып жатады.
Грузияда халықтың 70%-і туризм саласында еңбектенеді. Алайда әлі күнге дейін сектор өкілдерінің қызмет көрсету тәртібін айқындайтын нақты ережелер жоқ. Бақылаудың болмауы көрсетілетін қызмет сапасына әсер етпей қоймайды.
Русудан Джапаридзе, Грузия гидтері қауымдастығының мүшесі:
- Ең алдымен, заң қабылдау керек. Соның көмегімен ішкі туризмге қатысты сұрақтар реттеледі. Сонда кім немен айналысу керек, жұмыс істеу шарты қандай, қандай лицензия мен сертификат қажет – міне, осының бәрі айқындалады. Бізде туризмге қатысты жалпы заң бар. Бірақ ол 1996 жылдан бері өзгертілмеген.
Туризмге қатысты заң жобасы әзірге қауымдастық және бизнес өкілдері деңгейінде ғана талқыланып келеді. Құжат парламенттің қарауына көктемгі сессия кезінде жіберілуі мүмкін.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.