Спорт күллі әлем адамдарына жаңа мүмкіндіктер сыйлап келеді

Спорт адамға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саламатты өмір салтын ұстану өмір сапасын арттырады. Әлемде осы қағидаттарды дәлелдеп, өз ісімен өнеге көрсетіп жүрген белсенділер жетерлік. Бразилияда қауіпті ауданда тұратын, жағдайы төмен отбасылардың қыздары ала допты серік етіп, әлемдік деңгейде биік белестерді бағындырды. Ал Боливияда мүмкіндігі шектеулі жандар суда жүзуді үйреніп, адамның шексіз мүмкіндікке ие жаратылыс иесі екенін паш етіп жүр.

 

ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ФУТБОЛШЫ ҚЫЗДАР

7 миллиондай халық тұратын Рио-де-Жанейрода өмір сүру оңай емес. Әсіресе кедей аудандарда тұратын балаларға қиын. Қаланың бұл бөлігінде қылмыс деңгейі жоғары. Үйірмелер мен секциялар жоқтың қасы. Осындай сындарлы шақта белсенділер қауіпті ауданда қыздарға арналған футбол клубын ашты.

Адам Рейд, ұйым басшысы:

- Біз тұрған аудан – Риодағы ең қауіпті орындардың бірі. Балалар бос уақытын тиімді өткізсін, сергек жүрсін деп осындай ұйым құрдық, барлық қажетті жағдайды жасап қойдық. Біздің қыздарымыз өте мықты футболшыларға айналды. Ұлдардан кем емес.

Клаудианни Сантос, бапкер:

- Бұл футбол менің де өмірімді түбегейлі өзгертті. Ойға келмеген табыстарға қол жеткіздік. Футболдың арқасында мен өзімнің мықты маман екенімді сезіндім.

9 жыл бұрын жасақталған бұл команда 2018 жылы Ресейде, 2022 жылы Қатарда балалар арасында футболдан өткен Әлем чемпионатына қатысып, екеуінде де топ жарды.

Джиан Де Алмеида, футболшы:

- Біздің қыздар Қатарға барды. Жанкүйер болып, тақым қысып отырдық. Мен де барар едім, бірақ жасым жетпей қалды. Олардың жеңіске жететініне сенімді болдым. Жеңіспен оралды да! Ризамын!

 

МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ ЖҮЗГІШ БАЛАЛАР

Әдетте кез келген бала суға алғаш түскенде қорқады. Ал есту және сөйлеу қабілетінде кемістігі бар болса, жүзуді үйрену тіптен қиындай түседі екен. Бұл кедергіні боливиялық мұғалім бұза білді. Ольга Лаура Саламанка биыл наурызда ел астанасы Ла-Паста құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын балаларға арнап жүзу курсын қолға алды. Ол шәкірттерімен ым-ишара тілімен сөйлеседі.

Ольга Лаура Саламанка, дене тәрбиесі мұғалімі:

- Бұл сабақтар өте маңызды. Өйткені бүкіл Боливия бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мұндай спорт секциялары атымен жоқ. Өзім жүзуді есейген кезімде бір-ақ үйрендім. Өйткені бала кезде арнайы үйрететін ешкім болған емес. Енді өзім осындай балаларға көмектесіп жүрмін.

Хуан Карлос Флорес, ата-ана:

- Ұлымның осы сабақтарға келіп жүргеніне біраз болып қалды. Қазір суда балықша жүзеді. Жүзу оның көп нәрсеге баулыды. Күйзелістен құтқарды. 

Саламанка әзірге 15 баланы жүзуге баулып жүр. Ол шәкірттерінің қатарын біртіндеп көбейте беруге ниетті.

Авторы: Ернат Мелсұлы.