Италияда қуаңшылыққа қарсы суару технологиясы ойлап табылды
Италиядағы По өзені тартылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндай құрғақшылық кейінгі 30 жылда болмаған, дейді білетіндер. Мұның кесірі әсіресе шаруаларға ауыр тиіп тұр. Ал мамандар тығырықтан шығу үшін «ақылды суландыру жүйесін» ойлап тапқан.
Италиялық шаруалар заманауи технологияларды пайдаланып, жаппай тамшылатып суару жүйесіне көшіп жатыр. Жоғары көтерілген дрондар су мөлшерін тіркейді. Арнайы бағдарламаның көмегімен алқапқа тіршілік нәрі қанша көлемде және нақты қай кезде керек екендігі анықталады. Сондықтан бұл жүйені мамандар ақылды деп атайды.
Франческо Кавацца, инженер:
- Алдымен алқаптың үстімен дрон ұшырылады. Ол өсімдіктер туралы және оларға қанша көлемде су қажет екендігі жайында ақпарат жинайды.
Бұл тәсіл суды қажетті мөлшерде ғана қолданып, артық ысырап жасаудан сақтайды. Сарапшылар Италиядағы шаруалардың 72%-і қазір осы жүйеге көшкенін айтады. Яғни бүгінде 185 мың гектар алқап дәлдеп тамшылатып суару арқылы суарылады. Осындай жүйені 250 ағашы бар аумаққа орнату құны 1 мың еуро тұрады.
Симоне Кокки, шаруа:
- Біз климат өзгерісінің зардабын айқын сезіне бастадық. Соңғы 2 жылда қуаңшылық қатты ушықты. Алмұрт ағаштарымыз қурап қалды. Мына ақылды жаңа жүйенің арқасында пайдаланатын су көлемін 2 есе қысқарттық.
Десе де бұл технология қолайсыз ауа райының алдында бәрібір қауқарсыз. Осы сәтке дейін құрғақшылық 3,5 млн гектар алқапты жойып жіберген.
Дәурен Ақашұлы, Ернат Қашқынов