Соңғы 3 жылда Кенияда құрғақшылық жайлады

Соңғы 3 жылда Кенияда жауын-шашын азайып, құрғақшылық жайлады.

Кезінде суға бай Китуи өңіріндегі өзендердің дені тартылып қалған. Жергілікті тұрғындар таза су ішу үшін өзеннің табанынан құдық қазуға мәжбүр. Қуаңшылықтан зардап шеккен мемлекет енді ағаш егіп, ормандарды қалпына келтіруге көңіл бөліп отыр.

Әлемде климаттың өзгеруінен қатты зардап шегіп отырған елдің бірі -Кения. Жергілікті тұрғындар қолмен құдық қазып жүр. Питер Какай есімді жас жігіт бұған тұрғындардың өздері де кінәлі дейді. 

Питер Какай, Китуи тұрғыны:

- Баяғыда мына жерден өзен жыл бойы сарқырап ағып жататын. Бірақ адамдар оның маңындағы ормандарды жөн-жосықсыз отап, тез тартылып қалды. Енді оны қалпына келтіру үшін ағаш отырғызу керек шығар. 

Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Жергілікті билік құрғақшылықпен күресу үшін елде 2030-шы жылға таман 15 миллиард тал отырғызуды қолға алды. Халықты игі іске жаппай атсалысуға шақырып жатыр. Жақында "Жасыл Африка" қоры да "туған күніңде тал отырғыз" науқанын бастады. Шара аясында 103-ке келіп дүниеден озған кейуананың құрметіне осыншама көшет отырғызылды.

Джеймс Нгумбау, "Жасыл Африка" қорының өкілі:

- Әжей ұзақ жасады. Сондықтан біз оның рухына тағзым етіп, жерлеу кезінде 103 ағаш отырғызуды шештік. Келесі жылы тағы осылай 103 көшет отырғызамыз. Сөйтіп оны дәстүрге айналдырмақпыз.  

Марқұмның туғандары да игі істі жалғастыруға ниетті. Кейуананың 70 жасқа толған ұлы 70 тал егуді көздеп отыр.

Мванзия Малонза, жергілікті тұрғын:

- Мен шешемді жер қойнына тапсыру кезінде осындай шаруаны қолға алған қор өкілдеріне алғысымды білдіремін. Олардан қоршаған ортаны қорғау туралы көп білдім. Енді осы шаруаны жалғастырып, жасымның 70 келуіне орай 70 тал екпекпін.

Кенияда жаппай ағаш отырғызу науқаны былтыр Мысырдағы климаттық конференциядан кейін қолға алынды. Ғалым Доркас Мумбе бұл істе елдің климатына төзімді ағаштарды егу маңызды деп отыр.

Доркас Мумбе, зерттеуші:

- Тал отырғызу әр аймақтағы биоалуандылықты қалпына келтіруге көмектеседі. Өзіміздің жерімізге бейімделген ағаштарды өсіруге көңіл бөлу де өте маңызды. Бізде көмірқышқыл газын көп сіңіретін төзімді талдар жетеді.

Табиғат жанашырлары да ормандар қалпына келтірілсе аймақтағы аң құста да көбейіп, оларды қорғап, сақтау да жеңіл болар еді дейді.

Авторы: Дәурен Ақашұлы