Америкада қазақтар қазыны қайдан алады?
Елден жырақта жүргенде туған елдің ас-дәмін сағынбайтын адам кемде-кем, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал түрлі себептермен мұхит асып, АҚШ-та жұмыс бабымен тұрып жатқан қазақтар қазыны қайдан алады? Нью-Йоркте «Ташкент» деп аталатын супермаркет бар. Бұл жер нағыз өзбек базарын еске түсіреді. Посткеңестік елдердің азаматтары үйренісіп қалған асын алу үшін Бруклиндегі осы дүкенге барады екен.
Қазы сағынған қазақтар қанша алыс болса да, АҚШ-тың өзге штаттарынан Нью-Йоркке арнайы келеді. Мұнда шикі де, піскен де шұжық алуға болады. Вирджиния штатының тұрғыны Қаршыға Баятова 400 шақырымнан келді.
Қаршыға Баятова, Вирджиния штатының тұрғыны:
- Қазақ қазысыз қалай қазақ болады? Ет асасың, қонақ шақырасың, сол кезде қазы қойған біздің дәстүріміз ғой. Енді, көріп тұрғаныңыздай, бір келгенде бірнеше қазы алуға тырысамыз, біраз уақытқа жетуі үшін.
«Ташкент» супермаркетінің Бруклинде ашылғанына 6 жылдай болды. Мұнда тіпті қала мэрінің өзі бас сұғып дәм татқан. Әрине, негізгі тұтынушылары – Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдері. Посткеңестік елдерден келген клиенттер ғана емес, жергілікті тұрғындар да сауда жасайды.
Фирдаус Рахмонов, дүкен қызметкері:
- Біздің дүкен жұмыс істегелі біраз жыл болды. Негізінен посткеңестік елдерден келген адамдар – біздің клиенттеріміз. Өздерінің ұлттық тағамдарын сағынғандар осында келеді.
Фаст-фудтен жалыққан жұрт манты, лағман, бәліштің түр-түрін таба алады. 200-ден астам ас су ұсынылған. Сонымен қатар мұнда сатылатын тауарлар да Орталық Азия мемлекеттерінен тасымалданады. Соған сай бағасы да арзан емес.
Светлана, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:
- Америкаға келгеніме 5 жыл болды.Уақыт болғанда келіп тұрамыз. Баға өте қымбат болса да аламыз. Сапасы жақсы.
Еңбекқорлық, тазалық әрі жақсы қызмет көрсету – «Ташкенттің» басты ұстанымы. Содан болса керек, кәсібін дөңгеліп отырған ала шапанды ағайындар күн сайын Бруклинде толағай табысқа кенеліп жатыр.
Авторы: Нұрбек Бекен.