Ұлыбритания салтанатты рәсімге қанша ақша жұмсайды?

Лондонда маңызды тарихи оқиғаға дайындық қыза түсуде.

6 мамырда мұнда үшінші Чарльз патшаның тәж кию рәсімі өтеді. Дүкендерде кәдесыйлар толып тұр. Көшелер безендірілген. Кейінгі 70 жылда алғаш рет өткелі жатқан іс-шара сәл өзгешелеу болады. Мәселен, тәж кию рәсімінің өзі 3 сағаттың орнына бір сағатқа жалғасады. Ауқымы да алдыңғыларымен салыстырғанда зор емес. Десе де шығындары орасан дейді тұрғындар.  

Іс-шараға нақты қанша кететіні туралы мәлімет жоқ. Десе де, ұйымдастырушылардың алдын ала есептеуі бойынша оған шамамен 113 миллион еуро жұмсалуы тиіс. Бұл Чарльз патшаның марқұм анасы екінші Елизаветаның 1953 жылы өткен тәж кию рәсімінің шығындарынан екі есе көп. Монархияны қолдаушы роялистер мұның бәрі орынды екенін айтады.   

БЛИЦ

- Мен салт-дәстүрдің сақталғаны дұрыс деп санаймын. Монархтар мен үшін үлкен бір отбасы секілді. Корольдің отбасы мүшелеріне хат жазғанымда, олар маған кейде жауап беріп жатады.

- Тәж кию рәсіміне дайындық қызу жүріп жатыр. Іс-шара әдемі болатын сияқты. Оны тамашалау - біз үшін үлкен мәртебе.

Десе де, британдықтардың бір бөлігі "біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді" дейді. Өйткені қазір Корольдікте инфляция бой бермей барады. Азық-түлік пен энергия тасымалдаушылардың бағасы шарықтап кеткен. Сондықтан бірнеше күндік іс-шараға қыруар қаржы жұмсаудың орнына сол ақшаны халықтың пайдасына жаратқан дұрыс деген пікірлер де айтылып жатыр.   

Грэм Смит, монархияға қарсы "Республика" тобының бас директоры:

- Біз сенбі күні, яғни тәж кию рәсімі өтетін кезде Трафалгар алаңының жанында ереуіл өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған кемі мың адам жиналуы тиіс. Біз қолымызға сары түсті қағаздар ұстап шығамыз. Шара бейбіт түрде өтеді. Бірақ ол назарсыз қалмау керек.

Осындай ереуілдер рәсімнің шырқын бұзбас үшін Лондонда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қалада бақылау-өткізу бекеттері орнатылып, күні-түні полицейлер күзетуде. Тәж кию рәсімі мен одан кейінгі іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 30 мыңға жуық тәртіп сақшысы тартылған. Полицелердің шара кезінде әрекет ету бойынша іс-қимылдары "Алтын державаның операциясы" деп аталады. Ол бірнеше айдан бері пысықталып келеді.

Аде Аделекан, полиция өкілі:

- Біз іс-шараны өткізуге кедергі етуге бол бермейміз. Ондай жағдайда қалай әрекет етуді білеміз. Қауісіздікті қамтамасыз ету үшін Лондонға сырттан келгендерің барлығы қатаң бақылауда болады.

Сырттан келгендер демекші, билік алдағы күндері Хитроу әуежайында жолаушылар саны артуы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қоса қалада қоғамдық көліктің де кідіріспен қатынауын жоққа шығармайды. Бұл ретте қазақстан әуе компаниясының өкілдері Лондонға жол жүретін не болмаса ол жақтан ұшып келетін отандастарымызға сапарларын алдын ала жоспарлауға кеңес берді.