Әлемде туристік қызмет бағасы шарықтап барады
Пандемиялық локдаун мен 2022 жылғы геосаяси тұрақсыздық салаға үлкен соққы болды. БҰҰ жағдайдың жуық арада түзелеріне күмәнмен қарайды.
L'Economist Intelligence Unit зерттеуі бойынша, Париж қаласы әлемдегі ең қымбат он шаһардың тізімінде. 2022 жылы Франция астанасына 44 млн турист сапар шеккен. Оның әрқайсысы орта есеппен 450 еуро жұмсаған. Қонақүй бағасы тәулігіне біздің ақшаға шаққанда 35 мың теңгеден бастап 5 млн теңгеге дейін барады. Ал тамақтану құны 15-30 еуро шамасында.
Демора, АҚШ тұрғыны:
- How much. Күніне қанша шығын? Бұл сіздің таңдауыңызға байланысты. Мәселен, Луврға кіру билеті 18 еуро тұрады. Тамақтану үшін күніне шамамен 60 еуро қажет. Мен тәулігіне 300 еуродай жұмсаймын деп есептедім.
Грузияда туризм қымбаттады
Соңғы бір жылда Грузияға сапар шегу шамамен 30%-ға қымбаттады. Атап айтқанда, қонақ үйлер мен мейрамханалар, қаланың көрікті жерлері және мұражайға кіру құны өсті. Енді 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйде бір тәулік түнеу 60 доллар тұрады. Таңғы ас 48 доллардан басталады. Ал мейрамханада кешкі ас ішу кемі 40 доллар. Сондай-ақ, Грузия ұлттық мұражай, ашық аспан астындағы этнографиялық музей, көне бірегей бекіністерімен әйгілі. Енді мұражайдағы гид орта есеппен 30 доллар тұрады; Тбилиси туры 60 доллардан басталады. Шарап жасаушылар тегін шарап дәмін татқызу қызметінен мүлдем бас тартты.
Русудан Джапаридзе, гид, Грузия гидтер қауымдастығының мүшесі:
- Қонақ үйлер бос, клиенттер жоқ болғандықтан, бізге бағаны төмендете алмайды. Мейрамханалар да солай. Қазір сұраныс азайды. Олар тіпті бізге, туристік компанияларға да бағаны көтерді. 3-4 жұлдызды қонақ үйге тоқтап, ұлттық мейрамханадан ас ішіп, мұражайға бару үшін тәулігіне шамамен 100-120 доллар қажет.
Өзбекстанда туристік алым көбейді
Әр шетелдік саяхатшыға енді 4 доллардан төленеді. Үкімет туризмнен түсетін табысты еселеу үшін осындай қадамға барып отыр. Көршіміз жыл сайын 5 миллионнан аса шетелдік мейманды қабылдайды. Басым бөлігі – Қазақстаннан. Көбі Ташкент, Бұқара, Самарқанд және Хиуа бағыттарын таңдайды. Көне қалалар арасында жүрдек пойыздар да жүреді. Билет құны қолжетімді. Ал ұшақтарда қызмет ақысы қымбат. Қонақүй бағасы 60-100 доллар шамасында. Жалпы Өзбекстанда саяхат маусымы көктем және күз айларында қызады. Аптапта керісінше кеми түседі.
Сирожиддин Хайдаров, қонақүйдің бас менеджері:
- Туристік алым ірі қонақүйлерде 4 доллардан асады. Былтыр 2 доллардың шамасында еді. Бізге келушілер және туристік компания өкілдері қонақүй қызметін арзандатуды сұрайды. Бұған дейін алым аз болатын. Менің ойымша, біз туризмді дамытқымыз келсе, саяхатшылар үшін төленетін салықты азайтуымыз керек.
Туризм – толағай табыс көзі
Ал Америка Құрама Штаттарында сыртқы туризм өте жақсы дамыған. Ақылы мұражайлардың бағасы 15-40 доллар шамасы. Алдын ала жазылып, Ақ үйдің ішін, Капитолийдің ғимаратын аралап көруге де болады. АҚШ саясатының саңлақтары, бұрынғы және қазіргі президенттерінің бейнесі бар түрлі кәдесыйлар да үлкен табыс көзіне айналған.
Габриелло, Италия тұрғыны:
- Иә, мұнда бәрі қымбат. Жалпы Америка Құрама Штаттары қымбат мемлекет саналады ғой.
Аманда, турист:
- Мен басқа қаладан келдім. Туыстарымның үйінде жатырмын. Сондықтан маған арзан шықты.
Оливия, турист:
- 1728 доллар, 4 тәулікке төледім. Бұл мен үшін қолжетімді баға.
Биыл халықаралық туристер саны пандемияға дейінгі кезеңдегі көрсеткіштің 90%-на жетеді. Дүниежүзілік туристік ұйым осылай болжам жасады. Алайда, экономикалық құлдыраумен әлемдегі геосаяси тұрақсыздық болжамның орындалуына жол беруі екіталай.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы