Франция төрінде қазақ музыкасы шырқалды

Париждің ең танымал залында Қазақстанның ұлттық симфониялық оркестрі өнер көрсетті.

Әуезді әнді сағынған көрермен музыканттарға ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, қоштасуға асықпады.

Бұл кеш париждіктер үшін бұрынғыдан өзгерек. Классикалық бағдарлама мен қазақ музыкасы қатар үндесті. Мұндай концерт жаңашылдыққа толы.  Париж тұрғындары үшін алғаш рет қазақстандық композитор Рахат-Би Әбдісағиннің операсына пролог орындалды. Батыржан Смақовтың контртеноры да көптің есінде ұзақ сақталатыны шүбәсіз. Ал Айман Мұсақожаеваның Страдивари скрипкасында өнер көрсетуі тіптен ерекше көрініс. 

Қазақстан симфониялық оркестрінің ұжымы Вивальди, Шуберт, Мендельсонның шығармаларын орындады. 1,5 сағаттық концерт соңы көрерменнің жарты сағаттық қол шапалағына ұласты.

БЛИЦ

- Бұл нағыз жаңалық және шынайы эмоциялар, өйткені концерт керемет өтті.

- Мен Қазақстаннанмын, осы концертке келіп, жаңа эмоциялар жиып алдым.

- Мен бұрын көрмеген аспаптардың үнін естіп қатты таң қалдым, нағыз симфониялық күшті естідік. Өте әдемі!

Мұндай шығармашылық кештерге жас таланттар жиі қатысады. Ұлттық Өнер университет ректоры осылайша жас өнерпаздары қанаттандырып жүр

Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық артисі:

- Мынау 25 жылдың ішінде біздің жастарымыз өсіп қалды. Содан болар, сахнаға шығып, өнерін көрсетіп жатыр. Үлкен мақсатымызға жеттік. Баршамыз бірге – шәкірттер мен ұстаздар өнер көрсетіп жатырмыз.

Бұл қойылымға Гаво концерт залының шағындылығына сай, ұлттық оркестрдің шағын құрамы ғана келді. Өнерлі артистеріміз халықаралық ауқымдағы Париждің өзге де шараларына шақырту алды.

Әлия Сыздықова