Испанияда су тапшылығы экономикаға әсер етті

Кейінгі жылдары көптеген ел қуаңшылықтан зардап шегіп жатыр.

Әсіресе Испанияда аптап ыстықтан көлдер құрғап, өзендер тартылды. Бұл елдің билігі фермерлерден жылыжайларын суаруды азайтуды сұрап отыр. Осылайша мемлекеттің оңтүстігіндегі құнарлы алқаптарды сақтап қалмақ. Ал Марокко құрғақшылыққа төзімді дақылдарды шығарып жатыр.

Ұзаққа созылған қуаңшылықтан Испанияның оңтүстігінде құнарлы алқаптар құрғап барады. Ғалымдардың пікірінше, ахуалды жергілікті фермерлер асқындырған. Олар болса егістері сусыз қурап жатқанын алға тартады. 

Мануэль Дельгадо, фермерлер қауымдастығының өкілі: 

- Фермерлердің осында ауыл шаруашылығымен айналысқанына 40 жыл болды. Барлық ережені сақтаймыз, су тұтынуды да қадағалап келеміз. Ал енді бізден суарумызды азайтуды сұрап отыр. Бірақ онда жемістерімз өнбейді.

Жеміс егілген жылыжайлар маңында Доньяна ұлттық саябақ орналасқан. Ондағы су қоймалары тартылып қалды. Ал бұл қорықты мекендеген сирек кездесетін жануар мен құс түрлеріне кері әсерін тигізіп жүр.  Арасында ибериялық сілеусін мен испаниялық император қыраны бар.

Донна Хуанхо, Кармона дүниежүзілік жабайы табиғат қорының өкілі:

- Жылыжайларды суару жануар санына әсер етеді. Сондай-ақ, өсімдіктер де өзгеріп келеді, суды көп қажет ететіні құрып жатыр. Мұның барлығы экологиялық жүйенің өзгеруіне әкелді. Соңғы жылдары ұлттық саябақтағы жағдай мәз емес. Мұны ғылыми деректер көрсетіп отыр.

Құрғақшылыққа төзімді дақылдар

Қуаңшылық зардабын тартқан елдердің бірі - Марокко. Өткен жылы жаңбыр жаумай, елдегі егістің 70 проценті күйіп кетті.  Салдарынан шетел импортына  тәуелді болып қалды. Қазір ғалымдардың халықаралық тобы құрғақшылыққа төзімді дақылдар шығарып жатыр. Нұт, түйебұршақ, жасымық секілді байырғы дақылдарын ауа-райының өзгеруіне бейімдемек. Авторы: Бекболат Тұрмаханов