Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді
Өзбекстан 2 айдан кейін президент сайлайды. Бұл жайында Шавкат Мирзиёев таяуда өткен референдум қорытындысына арналған жиында мәлімдеді.
Ол өзінің қалған 3 жарым жыл өкілеттілік мерзімінен бас тартып, жаңа саяси науқан ұйымдастыру жөніндегі бастамасын жариялады. Әрі тиісті жарлыққа қол қойды. Көрші ел басшысы бұл шешімін конституцияға енгізілген өзгерістерге сай қабылдап отырғанын жеткізді. Негізгі құжатта елдегі билік құзіреті кеңейгені жазылған. Әрі ол президенттік мерзімді қайта нөлге теңестіріп, 7 жылдан екі мәрте сайлану құқығын береді. «Парламент, үкімет және әкімдер алдында жаңа міндеттер тұр. Әлемдегі алмағайып ахуалға байланысты жылдам әрекет етіп, экономиканы сыртқа факторлардан қорғауымыз керек», - деді Өзбекстан президенті.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
- Құрметті менің отандастарым! Біз алға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Мемлекеттің болашағы және дамуына арналған маңызды шешімдер қабылдай береміз. Басты заңымызда билік халықтың қолында екені анық айқындалған. Соған сай мандат сіздер сеніп тапсыратын адамға ғана беріледі. Бұл қазіргі таңда ең дұрыс шешім болады. Сайлау барлық заң талаптарына сай әрі әділ өтетініне сенім білдіремін.