«Ютубте» қазақша ән салатын корей жігіті домбыра тартуды үйренеді

Сеул тұрғындары қазақ тағамдарының дәмін татып, ұлттық әуенге тәнті болды. 

Бұл шара Орталық Азия елдерінің көктем фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Владислав Цой, тілші:

- Сеулде өткен Орталық Азия елдерінің көктем мерекесінде көрермендер қазақтың ұлттық тағамдарымен ойындары, кітап және музыкасымен танысты. Келгендердің барлығы дерлік қазақ тілінде жазулары бар жейделерді тегін алды. Бұл ана тілін насихаттауда таптырмас үлгі. 

Ашық аспан астындағы шараға қатысушылар Номад қазақ қауымдастығы дайындаған бауырсақ пен басқа да тағамдардан дәм татты. Корейлер табиғи өнімдерді жақсы көреді, сондықтан қазақстандық өндірушілердің балы танымал болды. Балаларға тоғызқұмалақ, асық ату ойындарымен қазақша кітаптар көрсетілді.

Джи Чан Сон, "Корея-Орталық Азия" ынтымақтастық форумы хатшылық басшысының орынбасары:

- Мақсатымыз – кореялықтарды мәдениет арқылы Орталық Азия елдері туралы аз да болса көбірек білу. Ал қазір бұл үшін барлық жағдай бар. Пандемиядан кейін барлық салада қарым-қатынастар жақсарды. Әсіресе туризм саласында. Егер бұрын Кореядан Қазақстан мен Өзбекстанға ғана ұшатын болса, маусым айында Сеул мен Бішкек арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Біз де Сеул-Астана бағытының қайта жанданатынына үміттенеміз.

Қыздар жағы қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарына қызығушылық танытты. Ал заманауи ұлттық киімдерді дизайнер Айдана Омарова ұсынды. Оның осы салада жүргеніне 10 жыл болған. Дизайнердің мақтадан, зығырдан және жібектен жасалған киімі АҚШ пен Еуропада танымал. Бұл Айдананың Кореядағы алғашқы көрсетілімі.

Айдана Омарова, дизайнер:

- Коллекцияларымыз қазақи нақыштағы күнделікті өмірге арналған. Біз қазір тақиялар қосып жатырмыз. Ол как дополнение. Ал көбінесе бізде күнделікті өмірге арнайы шығарып жатырмыз. Себебі олар өте ыңғайлы, әдемі кез келген ақ киімін болсын бір түсті киімнен үстінен кие салса киім өте әдемі болып көрінеді. 

Өткен жылдан бастап жергілікті тұрғындар қазақ әндерін тани бастады. Бұл корей әншісі Сон Вон Собтың еңбегі. Ол бірнеше заманауи қазақ шығармаларын корей тіліне аударып орындады.  Қазақстанға екі рет жасаған сапардан кейін оның репертуарында халық әні пайда болды.

Сон Вон Соб, әнші:

- Маған домбыраны сыйға тартты. Қазір мен ол аспаппен ойнауды үйреніп жатырмын. Қазақстанға барған соң домбырамен қазақтың халық әнін жазып алуды жөн көрдім. Келесі аптада ол менің репертуарымда пайда болады.

Биыл Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени жыл. Сондықтан әр апта сайын Кореяның қалаларында қазақ музыкасы шырқалады. Келесі демалыс күндері Пусанда қазақ мәдениеті фестивалі өтеді. Оған елімізден бірнеше ансамбльмен әртістер қатысады. 

Владислав Цой, Ольга Лян