Тұқым қуалайтын ауруларға тосқауыл қойылады

Балаға әке-шешеден берілетін аурулардың алдын алатын тәжірибе сәтті аяқталды.

Бұл бағытта Ұлыбритания ғалымдары біраз еңбек етті. Ал швейцариялық оқымыстылар миды зерттейтін бірегей құрал ойлап тапты. Сарапшылар мұндай тың жаңалықтар медицина мен өзге де салаларға серпіліс әкеледі деп отыр.

Ұлыбританияда ғалымдар баланы үш адамның ДНҚ-сын қолдану арқылы дүниеге әкелді. Зерттеушілер мұндай жетістікке баланың әке-шешесінен берілетін ауруларды алдын алу мақсатында қол жеткізді. Ол үшін дені сау донор әйелдің жұмыртқажасушасы қолданылды. Осыған қарамастан сәбиде әке-шешесінің генетикалық ерекшеліктері 99,8 пайыз сақталған.

Даган Уэллс, Оксфорд Университетінің профессоры:

- Менің білетінім мұндай зерттеулер аз жүргізілген және сынақтардың көбі ашық жария түрде болмады.  Біздің зерттеуіміз арнайы рұқсатпен жүзеге асырылды. Қол жеткізілген мәліметтер бұл әдіс туралы білімімізді толықтырып, оның тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

Миды бақылай алатын электрод  

Ал Швейцария ғалымдары адамның миын бақылауға мүмкіндік беретін электродты ойлап тапты. Бірегей материал қолғапқа ұқсайды. Ол адамның бас сүйегіне енгізіледі. Ғалымдар бұл келешекте миға жасалатын операцияларды жеңілдетуге жол ашады деп отыр.

 Стефани Лакур, Лозанна политехникалық мектебінің профессоры:

- Бұл өте жұмсақ электродтардан тұрады. Олардың жұмсақтығы соншалық адмның миы мен бас сүйегінің арасына енгізуге болады. Осылайша онымен  байланысты кей дерттерді анықтауға мүмкіндік береді.

Көртышқанның көргенін жасанды интелект құрастырды

Осы ел ғалымдарының тағы бір тобы көртышқанның миындағы сигналдарды анықтап, оның не көргенін бірден құрастыратын жасанды интеллект ойлап тапты. Сынақ кезінде көз тұсына қойылған құрылғы жорғалаушының көрген бейнефильмін айна қатесіз жасап шығарды.  Мамандар бұл тың жаңалық та денсаулық сласында үлкен өзгеріс әкелеріне сенімді. 

Маккензи Мэтис, Лозанна политехникалық мектебінің профессоры:

- Бұл мидың қабылдаған сигналдары арқылы бейнефиьмді жоғары дәлдікпен жасап шығарудың алғашқы тәжірибесі. Жасанды интеллект көртышқанның миынан алған ақпарды 95 пайыз дәлдікпен құрастырды. Біздің ойымызша бұл мидың қабылдайтын мәліметтерді оқуға мүмкіндік барын көрсетеді.

Денге безгегіне тосқауыл 

Аргентина зерттеушілері елде жиі өршитін денге безгегін жеңудің жолын тапқандай. Мамандар бұл істе ядролық энергияға жүгінуді жөн көрген. Яғни ауруды тасмалдаушы масаның аталығы зарарсыздандырылып, індеттің таралуына тосқауыл қойылмақ. Бұл бағыттағы сынақтар 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Мамандар аптасына 500 мың аталық масаны зарарсыздандыруға болатынын айтады. 

Дәурен Ақашұлы