Бразилияда жүк көліктерінің жүргізушілері ереуілдетіп жатыр

Олар Рио-де-Жанейрода ірі тасжолдарда көліктерімен кептеліс ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы деректерге қарағанда, ереуілге жүздеген адам қатысқан. Осылайша, халық елде өрши түскен қылмысқа қарсылық білдірді. Соңғы кездері жүк көліктеріне қырғидай тиетін ұрылар көбейген. «Қарақшылар жүргізушілердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, оларға жұмыс істеуге мұрша бермей барады», - дейді ереуілге қатысушылар. Қарсылық акциясының салдарынан батысқа апаратын «Авенида-Бразил» ірі автомагистралінде ұзын-сонар кезек орнап, көлік қатынасы тежелді. Жергілікті өндіріс федерациясының деректеріне қарасақ, Рио-де-Жанейрода былтыр осындай ұрлық салдарынан мемлекетке 78 млн долларға жуық залал келген. Мамандар шаһарда күн сайын 10 шақты тонау тіркеледі дейді.  

Андре де Сейшас, логистикалық компанияның директоры:

- Елде қылмыс әрекеттері қашан тыйылады екен. Биліктегілер бұған мән берсе екен дейміз. Жүк тасымалдайтын компанияларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Бұл еліміз үшін ұятты жағдай. Ірі қалаларда осындай болса, басқа аймақтарда не болып жатқанын білмеймін. Біз жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, олар жолға шыққанда қайтып үйге оралатынына сенімді болуы тиіс.