Хиросимадағы бомбалаудан аман қалғандар «G7» саммитінің қатысушыларына үндеу жолдамақ
Жапонияның Хиросима қаласын бомбалаудан аман қалғандар жойқын қарудан бас тартуға шақырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Зұлматтың куәгерлері бас қосып, 2 күннен кейін осы шаһарда өтетін «G7» саммитінің қатысушыларына үндеу жолдамақ.
Хиросимодағы мемориалдық мұражайда адам қарасы көп. Жиналғандардың назары мінбедегі қарт әйелде. 85 жастағы әжей – бүкіл өмірін күрт өзгерткен Хиросимо мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан аман қалған жанның бірі. Жергілікті тілде оларды хибакуся дейді.
Теруко Яхата, Хиросиманы бомбалаудан аман қалған тұрғын:
- Таңғы кез еді. Бір нәрсе жарқ етіп, айналаның бәрі жап-жарық болып, көгілдір ақ түске боялды. Мен жерге құлап түсіп, есімнен танып қалдым. Шешем қираған үйдің астынан мені шығарып жатып, «өлсек, бірге өлеміз» дегені есімде.
Америкалық ұшақ Хиросимоға атом бомбасын тастағанда Теруко 8 жаста болған. Содан бері 78 жыл өтіпті. Жақында шаһарда «Үлкен жетілік» көшбасшыларының 49-шы саммиті өтеді. Қарт ана шарада дамыған елдерге үндеу жодап, ядролық қарудан мәңгілік бас тартуға шақырмақшы. Себебі мұндай жойқын қарудың салдарын тек оның зұлматын бастан кешкендер ғана жақсы белгілі.
- Әжейдің әңгімесінен сол кездегі оқиға көзіңе елестейді. Сұмдық жайт, дәп қазір болып жатқандай сезінесің.
- Менің ойымша әрбір адам сол қасіретті бастан кешкен жандармен кездесіп, мұндай қарудың қаншалықты қатерлі екенін түсінуі керек. Әсіресе мемлекет басшылары.
1945 жылы тамыздың 6-сы күні Хиросимаға тасталған атом қаруы қаланы жермен жексен етті. 80 мың адам бір мезетте көз жұмды. Сол жылдың соңына таман қаза болғандардың саны 200 мыңнан асып түсті. Тірі қалғандар оның азабын әлі күнге дейін тартып келеді.
Теруко Яхата, Хиросиманы бомбалаудан аман қалған тұрғын:
- Мен «Үлкен жетілік» елдеріне ядролық бомбаның жер бетіндегі адамзат баласын жойып жіберетін өте қауіпті қару екенін айтқым келеді. Дамыған елдер басшыларының бейбітшілік туралы асқақ сөз сөйлеп, қарар қабылдағаннан гөрі одан бас тарту үшін нақты қадамдар жасағанын қалаймын.
Жапон билігінің биыл «Үлкен жетілік» елдері көшбасшыларын Хиросимада бас қосуға ұйғаруы кездейсоқ емес. Жергілікті үкімет сол арқылы ядролық қарусыздану мен оны таратпауды саммиттің басты тақырыбына айналдыруды көздеген.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.