Бразилияда Пеле кесенесі ашылды
Бразилияның Сантос қаласында Пеле кесенесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – әлемдік футболдың аңызына айналған әрі үш дүркін әлем чемпионына деген тағзым. Атақты спортшы дүниежүзіндегі ең биік жерге орналасқан «Экуменика» зиратына жерленген. Кесенеде Пеленің мүсіні орналастырылды. Сондай-ақ ішіндегі еденге футбол алаңы секілді жасанды шөп төселген. Ал мавзолейдің кіреберісі Бразилия туымен безендірілді. Кесенеге кіру тегін.
Бір айта кететін жайт, бұл жерді Пеленің өзі 19 жыл бұрын таңдап кеткен екен. Гиннес рекордтар кітабына енген атақты футболшы былтыр 82 жасында өмірден озған. Оның есімі португал тілінің сөздігіне «теңдесі жоқ, ерекше» деген ұғыммен енгізілген екен.
Роберто Милано, бұрынғы футболшы:
- Ол менің өмірімнің бір бөлігіне айналған. Әсіресе мен өзім алаңда ойнаған жылдары оны қатты дәріптейтінмін. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Біз қанша қартайсақ та, қанша уақыт өтсе де, ұрпақтан ұрпаққа оның мұрасы, үлгісі беріліп келеді.