Әлемде әр 24 секунд сайын бір жол көлік апаты тіркеледі
Австралияда жүк көлігі мектеп автобусын қағып, 20-дан аса бала жарақат алды.
Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Жалпы әлемде әр 24 секунд сайын бір жол көлік апаты тіркеледі. Қайғылы оқиғалардан күн сайын 3 мың адам көз жұмып, 100 мың кісі жарақат алады екен.
Австралиядағы жол апаты Мельбурн қаласының шетінде болды. Жүк көлігі жарыстан келе жатқан оқушылар автобусын соққан. Салдарынан автобус жолдан шығып, аударылып қалды. Оқиға орынына дереу жеткен құтқарушылар оқушыларды бірнеше сағат арпалысып жүріп әзер шығарып алды. Апаттан 21 бала түрлі жарақатпен ауыруханаға түсті. Абырой болғанда бәрі дін аман.
Бернадетт Макдональд, балалалар ауруханасының бас атқарушы директоры:
- Ауруханамызға түрлі жарақтапен 9 бала жеткізілді. Жапа шеккендер 5 пен 11 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Олардың екеуінің жарасы қауіпті болмағандықтан қажетті көмек көрсетіліп үйлеріне жіберілді. Қалғаны ем-дом алып жатыр. Өкінішке қарай бір оқушы жансақтау бөлімінде жатыр.
Жалпы әлемде жыл сайын жол көлік апаттарынан 1 миллион 300 мың адам көз жұмады. Тағы 50 миллион жолаушы жарақат алады. 5-29 жас аралығындағы адамдардың өміріне негізгі қауіп осы жол апаттары болып саналады. Қайғылы оқиғалардың дені кедей елдерде тіркеледі.
Мысалы, жақында Мексикада жолаушыларды тиеген шағын автобус пен жүк көлігі соғысып 26 адам тіл тартпай кетті. Апаттың салдары әлі беймәлім.
Луис Гонсалес Де Ла Фуэнте, азаматтық қорғаныс қызметінің басшысы:
- Бізге бастапқыда көліктердің жанып жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген полицейлер қақтығыстан екі көліктің өртеніп, көп адам ішінен шыға алмай жанып кеткен байқайды.
Ал сарапшылардың пікірінше, көлік апаттарына көбіне нашар жолдар себеп. Өйткені инфрақұрылымы жақсы дамыған елдерде мұндай оқиғалар саны әлдеқайда төмен. Жолдары ең қауіпсіз елдердің көш басында Швеция мен Ұлыбритания тұр. Одан кейінгі орындарды Канада, Жаңа Зеландия, Жапония және Еуропа елдері иеленеді. Мәселені зерттей келе былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Жол ережесі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2030-шы жылға дейінгі ғаламдық жоспарын қабылдады. Жоба мақсаты жол апаттарынан болатын өлім мен жарақат алуды 50 пайызға азайту.
Авторы: Дәурен Ақашұлы