Австралияда электромобильдерді қуаттайтын станция жоқ
Көлік тізгіндейтіндер жаяу қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәселені ушықтырмас үшін үкімет станция салуға уәде берді. Алайда проблема мұнымен де шешілмейтін сияқты. Себебі электромобильдерді жөндейтін маман тапшы.
Бұл – Сидней тұрғыны Ума Пиллаи. Қоршаған ортаға залал келтірмеу үшін электромобиль мінген. Бірақ оның бағасы қымбат болғандықтан, талай жыл еңбек етіп ақша жинаған. Бұған қоса Ума – экология белсендісі. Мақсатқа енді қол жеткіздім дегенде, басқа қиындықтарға тап болды. Уманың айтуынша, қазір көп елде электр көліктеріне қажетті инфрақұрылым жоқ.
Ума Пиллаи, Сидней тұрғыны:
- Экологияға залал келтірмейін деп электромобиль сатып алдым. Оны алу үшін жылдар бойы ақша үнемдедім. Дегеніме жеттім. Бірақ қазір маған саяхаттау қиындай түсті. Себебі электр көліктерін қуаттайтын станциялар жоқтың қасы. Олар жолда өте сирек кездеседі. Алыс сапарға шығайын десем, қатты уайымдайтын болдым.
Иә, технология жетілген сайын көліктің де түр түрі шығып жатыр. Алайда қазір Австралия тұрғындары осындай жағдайға тап болып отыр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректеріне сүйенсек, Австралияда бір зарядтау станциясына 35 электромобильден келеді, ал орташа әлемдік көрсеткіш 10 шақты болуы тиіс.
Абдул Захра, автосалон қызметкері:
- Қазір бізде үлкен проблема бар. Электромобильдерді адамдар алғысы келмейді. Айына 3-4 осындай көлік сатамыз. Мұндай автомобильдерге қажетті бөлшектер және арнайы станциялар тек ауқатты аудандарда орналасқан. Осындай көліктер шығарғанда жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасау керек. Ал бұл қыруар қаражат қажет етуі мүмкін.
Жергілікті билік бұл жағдайды реттеуге тырысып жатыр. Соған арнайы қордан 330 млн-нан астам доллар бөлінген. Бұл қаражат тасжолдарда көліктерді жылдам қуаттайтын 117 бекет ашуға мүмкіндік береді, - дейді мамандар. Бірақ тағы бір түйткіл бар, мұнда көліктің көп бөлшектері табылмайды. Механиктер де жоқ. Мемлекет алдағы жылдары 50 мың маманды оқытуға 700 мың доллар қарастырмақ.
Коллин Дженнингс, автокөлік қауымдастығының өкілі
- Бұл көліктердің ерекшеліктері көп. Оны мамандарға оқыту да ұзақ уақыт алады. Жаңа сала болғандықтан, әсіресе мұндай проблемалар болатыны хақ. 2030 жылға дейін ондаған мың адамды оқытуға тырысамыз.
Қалай десек те жергілікті билік электромобильдерді сатып алуға ынталандырып жатыр. Бірақ тұрғындар әлі дамымай жатқан салаға бас қатырғысы келмейді. Австралияда сатылған көліктердің тек 3,8%-і – электромобильдер. Ұлыбритания мен Еуропада бұл көрсеткіш 15-17%-ті құрайды. Сондықтан Австралия үкіметі тоқпен жүретін көліктерге көшу маңызды екенін алға тартады.