Қытайдың ықпалы артып барады – G7 саммиті

Әлемдік көшбасшылардың кездесетін орыны мен форматы өзгере береді, бірақ қордаланған мәселелер сол беті қалады.

«Үлкен жетілік» саммитінде Қытайдың өсіп бара жатқан ықпалы, халықаралық санкциялар қабылдау және түрлі ғаламдық сын-қатерлер талқыланып жатыр. Саммиттің Хиросимада өтуінің өзіндік мәні бар. Ядролық бомбадан алғаш зардап шеккен ел ретінде Жапония осылайша әлемге жаппай қырып-жоятын қарудан құтылу керектігін жеткізгісі келетіндей. Жиынға келгендер арнайы саябаққа барып, 1945 жылғы атом шабуылынан құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, ағаш отырғызды.  

АҚШ президенті Джо Байден, Жапония премьер-министрі Фумио Кисида, Германия канцлері Олаф Шольц сияқты әккі саясаткерлерден басқа бұл басқосуға Британия премьері РИши СУнак пен Италия үкіметінің жетекшісі ДжОрджа МелОни алғаш рет қатысып отыр. Іс-шараға Бразилия, Австралия, Вьетнам, Үндістан, Оңтүстік Корея басшылары да шақырылған. 

Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:

- Қазір әлемге климат дағдарысы, пандемия және кейбір елдердегі қарулы қақтығыстар сияқты көптеген сын-қатер, қауіп төндіріп тұр. Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды ту еткен «Үлкен жетілік» халықаралық қауымдастықтың алдында тұрған маңызды мәселелерге тиімді ықпал етіп, бейбітшілікке бастауы керек. 

Дәл саммит басталған күні жергілікті белсенділер бас көтерді. Наразы топ ғаламдық маңызы бар жиынның өтуіне қарсылық білдірді. Олар мұндай кездесулер аймақтағы гео-саяси шиеленісті керісінше ушықтырады деп есептейді. 

- Бұлардың атом бомбасы тасталған Хиросимада неге бас қосқанын мүлде түсіне алар емеспін. Осындай көзбояушылықтың не керегі бар?!

- Соғысқа үзілді-кесілді қарсымын. Ядролық қару деген біржола арылу керек. Мына саммит түк шешпейді! 

Токио қауіпсіздік мәселесін өте жіті бақылауға алған. Сақтық шараларына 24 мыңға жуық полицей тартылған. Бұл осыдан 7 жыл бұрын жапонның МИэ префектурасында өткен "Үлкен жетілік" саммитіндегі қауіпсіздік қызметкерлерінің санынан 1 мың адамға артық. 

Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишель Қытаймен қарым-қатынасты ушықтырмауымыз керек деп есептейді. Оның ойынша, Еуроодақ Бейжіңмен «тұрақты және сындарлы» ынтымақтастық жасауға мүдделі. 

Шарль Мишель, Еуропалық Кеңес төрағасы:

- Біз сауда-саттық байланысқа сергек қарауымыз керек. Қытаймен бірігіп шешетін мәселе жетіп-артылады. Мысалы, климат өзгерісі, табиғи ресурстар мен биологиялық тіршілікті сақтау және тұрақты даму. Халықаралық қауымдастықта маңызды рөлге ие әрі алып экономикасы бар Қытайға да артылатын жауапкершілік жүгі өте ауыр. 

Саммиттің алғашқы күнінде Канада мен Франция басшылары екіжақты кездесу өткізіп үлгерді. Олар ғаламдық мәселелерді ғана емес, сондай-ақ жасанды интеллектінің маңызын да ортаға салды.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- «Үлкен жетілік» көшбасшылары түзген күн тәртібі қазір жаһанда болып жатқан өзекті мәселелердің бәрін қамтып отыр деп ойлаймын. Біз жаңа ғана климаттың өзгеруінің теріс салдарын талқыладық. Жасанды интеллектіден туындайтын түйткілдерге төтеп беру үшін де күш біріктіруіміз керек. Осы мақсатта бірнеше бастама мен қордың негізін қаламақпыз. 

Осы саммиттің қарсаңында Жапония мен Ұлыбритания премьер-министрлері «Хиросима келісім-шарты» деген тарихи құжатқа қол қойды. Осы мәміленің негізінде қорғаныс, сауда, ғылым және технология бойынша ынтымақтастықты тереңдету көзделген. Сондай-ақ жапондар мен британиялықтар ашық ғарыш пен киберкеңістікті игеру тәжірибесін бөліспек. Ең маңызды тармағы – 2025 жылы Британияның әскери ұшақ тасымалдайтын кемелері Үнді-Тынық мұхиты аймағына келеді. Сондай-ақ тараптар жаңа жартылай өткізгіш технологиялар жасау, қазба байлықты игеру, жасанды интеллектіні дамыту және баламалы энергия көздерін өндіруге бағытталған бірлескен бағдарламаға қол жеткізді.

Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Біз Жапониямен арадағы ынтымақтастықты одан сайын дамыту үшін «Хиросима келісім-шартына» қол қойдық. Біздің ұстанатын құндылықтарымыз ортақ. Хиросима жеріне табанымның тигеніне дән ризамын. Біздің бұл қалада болғанымыз сіздер үшін де маңызды екенін жақсы білемін. 

Саясаткерлер ғаламдық мәселелерді қызу талқылап жатқанда, жапондарға тән шай беру рәсімі өтті. Оған негізінен  Германия канцлерінің жұбайы Бритта Эрнст, АҚШ-тың бірінші ледиі Джилл Байден мен британиялық премьердің жары, үнді сәнгері Акшата Мурти сияқты бірінші ханымдар қатысты. Бірақ арасында бір ер адам да болды. Ол Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің күйеуі - профессор-кардиолог Хайко мырза.

Әрине бұл саммит құр ас ішіп, аяқ босатумен өтпеуі керек. Сарапшылар «Үлкен жетілік» көшбасшылары қазіргідей геосаяси жағдай ушыққан шақта ядролық қаруды қолдануға мүлде болмайтынын біржақты етуі тиіс деп есептейді.

Нарушиге Мичисита, саясаттану институтының профессоры:

- Біз ядролық қарусыздану және жаппай қырып жоятын қару-жараққа бақылау жасауды күн тәртібінен алып тастауға шақ қалған қауіпті жағдайларға да куә болғанбыз. Сондықтан осы мәселеге қатысты нақты ұстаным анық айтылуы тиіс. Ядролық қарудың әлемге төндірген қаупін біржолата сейілту қажет. Бұл саммит осы іске жасалған алғашқы қадам болады деп сенеміз. 

Биылғы саммитке 8 ел бақылаушы ретінде шақырылды. Арасында Үндістан мен Вьетнам бар. Жапон премьер-министрі «Үлкен жетілік» пен «Үлкен жиырмалықтың» арасында тығыз байланыс ортану қажет деп мәлімдеді. Бұл өз кезегінде дамушы елдер бетпе-бет келіп отырған қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді деген үміт бар. Аталған мәселелерді қатарында азық-түлік пен энергентикалық отынның бағасы, ғаламдық қауіпсіздік, тұрақты даму мен денсаулықты сақтау өткір тұр. Саммит бүгін ғана басталды. Ол әлі 3 күнге созылады. Сондықтан жиынның түпкілікті нәтижесі алдағы жексенбіде белгілі болмақ. 

Бұл апта саяси оқиғаға толы. «Үлкен жетіліктен» басқа қазір Қытайдың Сиань қаласында «Орталық Азия – Қытай» саммиті, ал Сауд Арабиясының Джидда шаһарында «Араб елдері лигасының» кездесуі өтіп жатыр. Бұл басқасуда Сирия 2011 жылдан кейін алғаш рет төбе көрсетті.