Колумбияда әуе апатынан жоғалған балалар іздестіріліп жатыр
Колумбияда әуе апатынан аман қалып, ну орманда жоғалған төрт бала әлі іздестіріліп жатыр.
6 күн бойы іздеген арнайы әскери бөлімнің әрекеті нәтиже бермегеннен кейін құтқару жұмыстарына жергілікті байырғы халықтың өкілдері қосылды. 28 адамнан тұратын топ құрамында аңшылар мен ізкесерлер бар. Оларды әскери ұшақпен жеткізді. Жоғалған балалар мінген әуе көлігі мамырдың бірінде ну орманға құлаған болатын. 16 мамырда әскерилер ұшақ қалдықтары мен үш адамның денесін тапты. Бүлдіршіндер аман қалып, оқиға орнынан кетіп қалған көрінеді. Балалардың ең үлкені 13-те, ең кішісі 11 айлық нәресте. Тағы екеуі тоғыз бен төрт жаста.