Кубада халық тамақты отқа пісіріп отыр
Ұлыбритания экономикасы өткен жылғы, биылғы геосаяси жағдайлардың қыспағынан әлі ес жия алмай жатыр.
Елдегі инфляция деңгейі өте жоғары. Сәуірдегі көрсеткіш 8,7 пайыз. Бұл кейінгі 31 жылда болмаған жағдай. Дамыған 7 елдің арасында Италиямен бірге жетінші орында тұр. Осылай жалғаса берсе, Англия банкі көп ұзамай пайыздық мөлшерлемені тағы көтереді деген болжам бар. Жыл басында үкімет басшысы елдегі инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетеміз деп уәде берген еді. Бірақ тиісті шаралар жүзеге аспай отыр деп қынжылады сарапшылар. Себебі азық-түлік бағасы әлі де қымбат. Бұған қоса, ұлттық валютаның Доллар мен Еуроның бағамына қатысты біраз әлсірей түскен.
Джереми Хант, Ұлыбританияның қаржы министрі:
- Инфляция көрсеткіші біз болжағандай төмендемей тұр. Азық-түліктің бағасы өсіп барады, бұл алаңдатарлық жағдай. Енді өндіруші компанияларға барынша жеңілдіктер жасалу керек. Халықаралық валюта қоры инфляцияны төмендету жұмыстарын қолдап отыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті, біз шұғыл әрекет жасауымыз керек.
Дәл осы ДЖИ 7-ге кіретін Жапонияда да осындай жағдай. Тауар бағасы барған сайын қымбаттап барады. Ал жалақы болса бір орында. Еңбек министрлігі келтірген мәліметке сәйкес, 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың наурыз айы аралығында халықтың нақты жалақысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға азайып қалған. Бұл 2014 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш екен. Мамандардың айтуынша, былтыр айлық жалақы 1,9 пайызға яғни соңғы 30 жылда болмаған қарқынмен өскен. Алайда энергия көздері мен азық-түліктің қымбаттап, халықтың табысын 3,8 процентке көтерілген инфляция жеп қойған.
Қымбатшылық қысып тұрған тағы бір ел Аргентина. Дүниежүзілік банк жасаған рейтингке сәйкес қазір бұл ел асауланып кеткен инфляция деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұр. 115 пайыз. Тек өткен айдың өзінде елде азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттап кеткен. Алда тек Ливан ғана. Бұл елдегі жағдай тіпті сұмдық. 352 пайызды құрайды. Мамандар көп ұзамай жағдай бұдан да бетер нашарлап кетуі мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде Аргентинаның әрбір төртінші тұрғыны кедейліктің қамытын киіп жүр. Жұрт көмекке мұқтаж. Осыған байланысты жуырда мыңдаған адам шеруге шығып, үкімет тарапынан берілетін жәрдемақы мен жалақыны өсіруді талап етті.
Жаклен Мистрориго, жұмыссыз тұрғын:
- Далада қалам ба деп қорқамын. Үйден қуып жіберсе не істеймін. барар жерім жоқ. Ал үкіметтен ешқандай көмек жоқ.
Янина Туньон, социолог:
- Балалардың 60 проценті кедейліктің зардабын тартып отыр. Яғни 10 баланың алтауы қарапайым құқықтарын қолдана алмай отыр. Ал бұған негізі мемлекет кепіл болуы тиіс.
Кубада халық жанар-жағармай жарымай отыр. Бензин мен газдың тапшылығынан бекеттер жабылып, жұрт жұмысына жете алмай қиналуда. Газдың жоқтығынан тұрғындар от жағып тамақ пісіруге көшкен.
Кез келген мемлекет бас бермей кеткен инфляцияны барынша ауыздықтап, тізгінді қолдан шығармауға тырысып бағатыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, Оңтүстік Африка Республикасының билігі оны тұқырту үшін пайыздық мөлшерлемені былтырдан бері біртіндеп көтеріп келеді. Алайда қымбатшылықтың қысымы одан сайын күшейіп, қарапайым халықтың жағдайы одан бетер нашарлай түсті. Қазір бұл елде инфляция 7-8 пайыз төңірегінде. Ал орталық банк көздеген меже 3 пен 6 процент аралығында.
Кокетсо Мано, экономист:
- Пайыздық мөлшерлеме өсіп жатыр. Он жыл бойы көрмеген деңгейге жетті. Осы айда тағы да көтерілуі мүмкін. Кей сарапшылар 8 пайызға жететінін айтады. Бұл қарапайым тұрғындарға кәдімгідей салмақ салатыны сөзсіз. Өйткені халықтың табысы артып жатқан жоқ.