Бейжіңде қазақ әндерінің қытай тіліндегі жинағы шықты

Қытайда қазақ әндері шырқалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған себеп: Бейжіңде 30 қазақ әні өзге тілге аударылып, жаңа жинақ жарық көрді. Оның ішінде Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Алтынбек Қоразбаев және Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары бар.

Аударманың авторы – жазушы Әкбар Мәжит. Қаламгер осыдан 2 жыл бұрын Абайдың өлеңдері мен Қара сөздерін де қытай тіліне аударған еді. Ал ән сөзін аудару оңай болған жоқ. Өйткені сөзді мағынасымен ритмге келтіру маңызды, - дейді. Автор бұл аудармаға осыдан 40 жыл бұрын кіріскенін айтады. Ал Қытай жұрты қазақ әндерін бұрыннан сүйіп тыңдайды екен. Мәселен, «Қарлығаш» 1930 жылдардың өзінде қытай тіліне аударылған.

Әкбар Мәжитұлы, жазушы, аудармашы, II дәрежелі Достық орденінің иегері, ҚХР:

- Бұл 30 әнді мен былтырғы жылы Қазақстан мен Қытайдың дипломатия байланыстың 30 жылдығына арнағам. Сондықтан 30 ән талданды. Бірақ былтыр індет жағдайынан уақытында шыға алмай қалды. Сондықтан биыл шығып отыр. Бұдан кейін осындай мәдениет ауыс-киіс болып жатса, екі елдің халқының көңілі тоғысып жатса, осы мәңгі іргелес елміз, екі елдің достығы, береке-бірлігі бітпей, осылай жалғаса берсе деймін.