Түркиядағы президент сайлауының екінші кезеңіне санаулы күн қалды
Ертеңнен арғы күні Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президент орынтағына 2 үміткер бары белгілі. Бірі – қазіргі президент, екіншісі – оппозиция лидері. Қайсының жолы болады? Оны кесіп айту қиын. Дегенмен сарапшылар не дейді? Олардың болжамы қандай?
Сарапшылардың пікірі әртүрлі. Бірақ бәрі бірауыздан биылғы президенттік сайлаудың «тарихи оқиға» екенін айтады. Өйткені Ердоған басқарған 20 жылда алғаш рет оппозициялық кандидаттың жеңу мүмкіндігі бар.
Президент орынтағы кімге бұйырады?
2 күннен кейін Түркия азаматтары қайтадан дауыс беруге барады. 60 млн-нан астам адам келесі президенттің кім болатынын анықтайды. Сондықтан Түркияда саяси додаға қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазір Түркияның жоғары сайлау кеңесі тіпті үміткерлердің суреті бейнеленген жаңа бюллетеньдер әзірлеп, дауыс берудің адалдығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге барынша талпынып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, екінші кезең де бірінші тур секілді тартысты өтеді. Өйткені тараптар сайлауда жеңіске жету үшін қазір барын салып жатыр. Сондықтан болар, ел арасында қазір айқын жеңімпаз байқалмайды.
Жергілікті тұрғындар:
- Мен Режеп Тайып Ердоғанға дауыс беремін. Себебі ол – жақсы көшбасшы.
- Сайлау қорытындысы бойынша, Кемаль жеңімпаз атанады деп сенемін. Бірінші кезеңде келеңсіз жайттар көп болды. Алдағы турда жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.
- Ешкімге де дауыс бермеймін. Маған кім жеңсе де, бәрібір.
Екінші кезеңнің тартысты өтетініне 14 мамырдағы сайлауда президенттікке үміткер болған Синан Оған да себепші болды десек қателеспеспіз. Өйткені ол алдағы жексенбіде өтетін сайлауда елдің қазіргі басшысы Режеп Тайып Ердоғанның кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы экс-кандидаттың өзі баспасөз отырысында жариялады. Ал бұған дейін Синан Оған Кемал Қылышдароғлыға дауыс беретінін айтқан болатын.
Синан Оған, «АТА» альянсынан президенттікке экс- үміткер:
- Қос кандидатпен кездесулеріміз мемлекет қайраткеріне лайық, өзара сыпайылық пен сыйластық аясында өтті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оларға алғысымды білдіремін. Осы келіссөздер, кеңесулер мен қарапайым халықтың хабарламалары нәтижесінде мен екінші турда Халықтық альянстың кандидаты Режеп Тайып Ердоған мырзаны қолдайтынымды мәлімдеймін. Бірінші турда бізге дауыс берген сайлаушыларымызды екінші турда Ердоған мырзаны қолдауға шақырамын.
Сайлаудың бірінші турында Синан Оған 5,17% дауыс жинаған болатын. Мамандар қазір Оғанды «кингмейкер» деп атап отыр. Кингмейкер, кандидат болмаса да, сайлау нәтижесіне әсер ету мүмкіндігі бар адам деген сөз.
Қазір төрткүл дүние Түркияға көз тігіп отырғаны жасырын емес. Өйткені бұл сайлау Түркия үшін де, аймақ үшін, халықаралық қауымдастыққа да аса маңызды. Сондықтан болар, саяси журналистика саласындағы «Politico» басылымы жуырда оған «2023 жылғы ең маңызды сайлау» деген баға берді.
Саяси доданың екінші туры да тартысты өтпек
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Түркия тарихындағы тұңғыш рет екінші турға қалған президенттік сайлауға санаулы күн қалды. Елде саяси тартыстың екпіні бірінші турдан аспаса, кем емес. 2 негізгі үміткер арасында өтетін саяси доданың үгіт-насихат жұмыстары 15 мамыр күні жоғарғы сайлау кеңесінің мәлімдемесін жасаған сәттен басталды. Тараптарлар бірінші турдың нәтижесіне сәйкес, өңірлердегі сайлау науқаны бойынша жаңа жол картасын әзірлеп, әрекетке көшті. Әрине, кандидаттардың 2 аптаның ішінде 81 провинцияны аралап шығуы мүмкін емес. Дегенмен ең ірі қалалар мен тараптарға потенциалы бар жерлерде тұрғындарға сайлау жоспарлары таныстырылды. Үміткерлер күнара жергілікті арналар мен ютуб каналдарында сұхбат беріп, түрлі сұрақтарға жауап беруде. Ердоған бастаған істі бітіріп, «ғасырлық тарихқа таңба басайық» десе, Кылычтароғлұ елде босқындардан тазалап, әрбір азаматтың несиелерін мемлекет өз мойнына алады деп отыр.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті, кандидат:
- Президенттікте 27 млн-нан астам азаматымыз 49,5% дауыс беріп, үлкен қолдау көрсетті. Бірақ сайлау ережесіне байланысты сайлау екінші турға қалдырылды. Халқымыз өзінің парламенттік көпшілігін Халықтық одаққа беріп, ел басқаруда бізге деген сенімін қуаттады. Сонымен бірге бұл шешіммен ұлтымыз оппозицияға және бүкіл әлемге өте айқын хабарламалар жолдады. Ол елімізді коалициялық кезеңге қайтару туралы ұсыныстарға, атап айтқанда, Түркияның бұрынғы өткеніне «жоқ» деп президенттік үкімет жүйесіне сенімін білдірді. Ол лаңкестік ұйымдармен ашық және жасырын сауда жасайтындарға жүрегінің жабық екенін дауыс беру жәшігінде көрсетті.
Кемал Кылычтароғлұ, Халық альянсы партиясынан кандидат:
- Мен билікке келе салысымен сіздің жеке несие қарыздарыңыздың төлеу бойынша нақты шешімін табамын. Ердоған тудырған экономикалық күйзеліске байланысты сіздің несие картаңыз бойынша қарыздарыңызды мемлекеттік қазына, банктер өз жауапкершілігіне алады. Несиелік карта бойынша қарызыңыздың проценттері толығымен жойылады және негізгі қарыз 36 ай сайын төленеді. Осылайша, жүздеген мың азаматтарымыз бұл ауыртпалық астында қысылып қалудан аман қалады, олар жеңіл тыныс алып, қарыз батпағының кесірінен баспаналары бұзылмайды. Есіңізде болсын, 28 мамырдағы сайлау ауыр қарыздардан құтылу немесе мемлекеттік қарыздың батпағында қалу үшін өтетін референдум. Елін сүйетіндер сайлауда дауыс берсін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Естеріңізге сала кетейік, 14 мамырда елде президенттік сайлаумен қатар парламенттік сайлау да өткен болатын. Оның нәтижесіне сәйкес, 9 саяси партия парламентте кіруге мүмкіндік алды. Үшінші кандидат Синан Оған Ердоғанға қолдау көрсететін болды. Ал сол Оғанның кандидат көрсеткен АТА альясындағы Жеңіс партиясы Кылычтароғлұ қолдайтынын айтты. Елдегі күрттердің де дауыстары қақ жарылды. Бұған дейін парламентте болған ХДП Халықтық демократиялық партиясы Кылычтароғлұны, ал осы жолы парламентке республикалық одақ құрамынан енген Хюр дава партиясы Ердоғанды қолдады. Қоғамдық сауалнамалардың бұл жолғы нәтижесі бойынша, Ердоған алда.
Екеудің таққа таласы
Ресми сайлау күні мамырдың 28-іне белгіленгенімен, Түркиядан тыс жерде жүрген түріктер бұл күндері өз таңдауларын жасап жатыр. Әлемнің 73 елінде 156 сайлау учаскесі ашылған. Осы уақытқа дейін шетелде және кеден бекеттерінде 2 млн-ға жуық адам дауыс берген. Сарапшылардың пікірінше, бұл азаматтардың дауыстары жеңімпазды анықтауда шешуші фактор болуы мүмкін.
Айта өтейік, шетелдік өкілдіктерде дауыс беру процесі 24 мамыр күні сағат 22:00-де аяқталса, кеден бекеттерінде 28 мамыр күнгі сағат 17:00-ге дейін жалғасады.
Айта кеткен жөн, Түркиядағы жалпыхалықтық сайлау заңына сәйкес, шетелдегі сайлау учаскелерінің жәшіктері Анкарада ашылуы тиіс. Осы себепті елден тыс жердегі сайлау алдын-ала ұйымдастырылады.
Тұрғындар:
- Қазіргі президент әкімшілігі өз жақтастары үшін ғана жұмыс істеп жатқандай. Бұл дұрыс емес. Еліміз құлдырап барады. Біз халқымыздың бір болғанын қалаймыз. Президент еліміздің барша азаматтарын біріктіруі қажет, бірақ қазір олай болып жатқан жоқ.
- Соңғы 15 жылда еліміз еркін әрі әлеуметтік теңдікте өмір сүріп келеді. Бәрінің құқығы бірдей. Мысалы, мен өзімді еркін адам сезінемін және мен сияқты мыңдаған адам дәл солай ойлайды.