Түркиядағы президент сайлауы: шешуші таңдау – екінші тур
Таңертең Түркияда президент сайлауының екінші туры басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл жексенбіде жұрт сапырылысып, тіршілік қыз-қыз қайнайтын түрі бар. Өйткені өткен турда Анадолы жұртында сайлауышлардың 86%-і дауыс берген.
Тек Президенттікке үміткерлердің ешқайсы 50%-тік межеден аса алмады. Режеп Тайып Ердоған 49,52 ал оған басты бақталас Кемал Кылычдароғлу 44,88% дауыс жинаған еді. Таққа талас осы екеудің арасында өтеді.
Түркия тарихындағы сайлаудың екінші турға қалуы бірінші рет. Саяси доданың екінші кезеңі бірінші тур секілді тартысты болмақ. Өйткені екі жақта жеңісті қолдан бермеу үшін барын салып жатыр.
Ердоған 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісінің салдарын тез арада жоюға уәде берді. Инфляцияны төмендетіп, жалақыны инфляция деңгейінен жоғары индекстеу арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартамын, - дейді. Түркияның энергия импортына тәуелділігін төмендетуге ниетті. Сондай-ақ Ыстамбұл Каналының құрылысын бастамақ. Жастарды жұмыспен қамтып, жас отбасыларға 2 жылға шамамен 7,5 мың доллар процентсіз несие бергізбек. Республикалық альянс коалициясының үміткері мұны біріккен парламент пен президенттік жүйе арқылы ғана қол жеткізуге мүмкін болатынын мәлімдеді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті, үміткер:
- Кемал мырза, сіз президент болып сайлансаңыз не істейсіз? Парламенттің қолдауына ие бола алмаған соң бірдеңе істей аласыз ба? Жоқ. Заң шығарушы билік қайда беріледі? Әрине, бұл парламентте. Біздің халықтық одақта парламентте 323 депутат бар. Заң жобаларын қалай қабылдауды жоспарлап отырсыз? Біз заң шығарушы және атқарушы биліктің үйлесімді жұмыс істеуі үшін дауысымызды береміз. Бұл жерде екіжақтылықтың пайда болуына жол бере аламыз ба? Бұған жол бермес үшін жексенбі күні сайлауға барып, өз дауысымызды береміз.
Кемал Кылычдароғлұның басты уәдесі – Түркияның 1923 жылы құрылғаннан бері қалыптасқан парламенттік басқару формасына қайта оралу. Ппрезиденттің өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сот реформасын жүргізуге және қазіргі сот жүйесінен заңсыз зардап шеккендердің барлығына өтемақы төлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы Еуропалық Одақ стандарттарымен толық үйлестіру үшін арнайы комиссия құрмақ. Қос үміткер де елдегі экономикалық жағдайды түзейміз деп сенімді. Ал Ыстамбұл Каналы жобасын тоқтатпақ. Оны өңірдің инфрақұрылымына қайшы, - дейді. Сыртқы саясатта Батыспен, әсіресе АҚШ және Еуроодақпен қарым-қатынасты тереңдетуге көңіл бөлмек.
Кемал Кылычтароғлұ, «Халық альянсынан» үміткер:
- Еліміздің қазіргі жағдайы мәз емес. Түркия бұл жағдайдан шығуы керек. Мұны істеу үшін біз бірге күресуіміз керек. Жағдайымызға қалай қарасақ та, барлығы пессимистік атмосферада. Бүгінгі таңда Түркияда күрделі экономикалық мәселелер бар. Күні кешеге дейін дауласқан адамдардан ақша сұрап жүрсек, бұл – бізде проблема бар деген сөз. Бұл туралы бәріміз де хабардармыз. Сондықтан біз сайлауға барып, өз дауысымызды береміз. Біз авторитарлық үкіметті демократиялық жолмен ауыстырамыз.
Екінші кезеңнің тартысты өтетініне 14 мамырдағы сайлауда президенттікке үміткер болған Синан Оған да себепші болды, - дейді сарапшылар. Мамандар кейбірі Оғанды «кингмейкер» деп атаған. Кингмейкер – кандидат болмаса да, сайлау нәтижесіне әсер ету мүмкіндігі бар адам деген сөз. Ол сайлауда елдің қазіргі басшысы Режеп Тайып Ердоғанның кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді. Ал сол Оғанды кандидат қылған «АТА» альянсындағы Жеңіс және Әділет партиясы Кылычтароғлұны қолдамақ. Елдегі күрттер де екіұдай. Бұған дейін парламентте болған «HDP» Халықтық демократиялық партиясы Кылычтароғлұны, ал осы жолы парламентке республикалық одақ құрамынан енген «Hür Dava» партиясы Ердоғанды қолдады. Қоғамдық сауалнамалардың бұл жолғы нәтижесі бойынша, Ердоған алда. Сарапшылар да бұл жолы Ердоғанның жеңетініне сенімді.
Айнұр Ноғаева, халықаралық қатынастар маманы:
- Біріншісі секілді екінші кезеңде де қос үміткер өзінің жеңіске жететінін айтады. Дегенмен сауалнамалардың нәтижелеріне сәйкес, Ердоғанның басым екенін көріп отырмыз. Бүкіл әлемдегі секілді экономикалық жағдай Түркияда да қиын. Дегенмен қолдау әлі неге жоғары десеңіз, оны былай түсіндірер едім. Ердоғанның қазірге дейін ұстанып келген дәстүрлі саясатын қолдауы деуге болады. Тіпті қазіргі зілзала аймақтарында да Ердоғанға жоғарғы қолдау көрсетілуі қазірге дейін халықтың өзгеріс емес, тұрақтылық таңдауын бір дәлел ретінде қарауға болады.
Бірінші турдағы сайлауға 64 млн-нан астам сайлаушының 55 млн-ға жуығы қатысты. Проценттік көрсеткішпен 85,6 деген сөз. Түркиядағы сайлау ережесіне сәйкес, шетелдегі сайлау учаскелеріндегі сайлау алдын-ала өтеді. Мұндағы мақсат – бюллетеньдердің Анкарада саналуы. 20-24 мамыр аралығында әлемнің 73 елінде 167 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған сайлау аяқталды. Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шетелде 2 млн-ға жуық түрік азаматы дауыс берген. Бұл – елден тыс жердегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың 55%-і.