Режеп Тайип Ердоған: Түркия ғасыры басталды
Сонымен Режеп Тайип Ердоған 52.14% дауыс жинап, саяси әрі тартысқа толы доданың жеңімпазы атанды.
Ал оның қарсыласы Кемал Кылычдароғлу сайлаушылардың 47,86%-ы дауыс берді. Сайлаудың алдын ала қорытындысы осындай. Екі үміткер арасындағы пайыздық айырмашылық – 4,28%.
Түркияның 13-президенті болып қайта сайланған Режеп Тайып Ердоған, осы ән жолдарымен күллі әлемге «Түркия ғасырының басталғанын» жариялады. Ыстамбұл, Кысыклыдағы үйінде жұртшылыққа тіл қатқан Ердоған, сайлауда 85 миллион халықтың жеңіске жеткенін айтты.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- 14 мамырдағы сайлаудың да, 28 мамырдағы сайлаудың да жеңімпазы – 85 миллион халық. Сондықтан бүгінгі жеңімпаз тек Түркия. Демократиямызға, дамуымызға және мақсаттарымызға нұқсан келтірмей, енді Түркия ғасырының қақпасын аштық. Оны баршамыз бірге аштық.
Бейресми қорытынды жарияланған бетте, қалың жұрт жергілікті партия ғимаратына, ал анкаралықтар Президенттің резиденциясына бет алды.
Ыстамбұлдан кейін Ердоған Анкараға жол жүрді. Түркияда сайланған президенттің «Балкон мәлімдемесі» деген дәстүр бар. Бұған дейін халыққа билік партиясының ғимаратынан үндеу жолданатын. Бірақ, бұл жолы Ердоған Бештепедегі резиденциясынан сөз сөйледі.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Бір қуанарлығы, президенттік сайлаудың екінші кезеңі айтарлықтай проблемаларсыз аяқталды. Сайлаудың бейресми қорытындысы бойынша, халқымыз Президенттік билікті бізге тағы 5 жылға сеніп тапсырды. Бізді ел басқару жауапкершілігіне лайық еткен ұлтымның әрбір мүшесіне алғысымды білдіргім келеді.
Ал оның қарсыласы Халық альянсының біріңғай кандидаты Кемал Кылычдароғлу, Республикалық халық партиясы штабында мәлімдеме жасап, оппозициялық ұстанымын жалғастыратынын айтты.
Кемал Кылычдароғлы, халық альянсының бірыңғай кандидаты:
- Отан үшін отқа түссек те аз. Менің қынжылысымның басты себебі – елді бұдан да үлкен қиындықтар күтіп тұр. Сол сынақтарға біз бірінші болып төтеп береміз. Ең алдымен маған 25 миллионнан астам дауыс берген азаматтарымыздың тік тұрып, көңіл-күйінің көтеріңкі болғанын қалаймын.
Жоғарғы сайлау кеңесі, 99,32% жәшіктің ашылғанын, ал қалған саналмаған 0,68% сайлау учаскесінің қорытындысы әсер етпейтінін мәлімдеді.
Ахмет Йенер, Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы:
- Режеп Тайып Ердоған 27 миллион 513 мың 587 дауыс, Кемал Кылычдароғлу мырзаның 25 миллион 260 мың 109 дауыс жинады. Екі кандидат арасында 2 миллион 253 мың 478 дауыс айырмашылығы бар. Саналмаған бюллетеньдердің саны 809 мың 20. Бұл дауыстар президенттікке кандидаттардың кез келгеніне берілсе де нәтиже өзгермейді. Түркия Республикасының Президенті ретінде бейресми қорытынды бойынша Режеп Тайып Ердоған Түркия президенті болып сайланды.
Туыстас елдегі президенттік саяси доданың екінші турында сайлау құқығына ие 83,84% азамат дауыс берді. Бұл көрсеткіш, бірінші турмен салыстырғанда 2% төмен. Белсенділігі жоғары 89,8%-пен Дузже болса, белсенділігі төмен өңір 65,8%-пен Ағры провинциясы.
Авторы: Меруерт Қанағат