Түркия ғасыры басталды – Ердоған
Түркия президентін ұлықтап жатыр.
Анадолы жұртының он үшінші ел басшысын құттықтауға біздің президент те Анкараға барды. Қасым- Жомарт Тоқаевты Ердоған арнайы шақырған.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Бір сағат бұрын елдің 13-президенті Реджеп Тайип Ердоғанды Бештепе резиденциясында “ұлықтау рәсімі” басталды. Оған әлемнің 78 елінен жоғарғы лауазымды тұлғалар келген. Оның 21-і президент, 13-і үкімет басшысы, министрлер, НАТО, Ислам ынтымақтастық ұйымы өкілдері, бастысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары түгел төбе көрсетті. Келелі рәсімге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға, елдің 13-президенті Ердоғанның арнайы шақыртуымен келген. Еске сала кетейік, түркі тілдес мемлекеттердің басшылары соңғы рет жер сілкінісінен кейін кезектен тыс саммитте, осыдан бірер ай бұрын Анкарада бас қосқан еді. Президент сайлауында 27 миллион 834 мың 589 дауыспен жеңіске жеткен Ердоған “президенттік құжатын” Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің уақытша төрағасы Девлет Бахчелиден алды. Ердоған ант беру рәсімінде “Түркия ғасырының” ресми түрде басталғанын мәлімдеді. Айта кетейік, Ердоған соңғы 30 жылда бақ сынасқан 17 саяси доданы жеңіспен аяқтаған. Оның үшеуі президент сайлауы.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Президент ретінде мемлекетті және оның тәуелсіздігін, Отан мен ұлттың бөлінбес тұтастығын, ұлттың егемендігін қорғаймын; Ұлы Түрік елі мен тарихының алдында намысым мен абыройыма ант етемін. Түркия Республикасы мен оның негізгі бостандықтары идеалынан бас тартпайтынымды, Түркия Республикасының даңқы мен абыройын қорғау және дәріптеу және өз міндетімді бейтараптықпен орындау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Ұлықтау рәсімінен бұрын Ердоған Ататүріктің жатқан жері Аныткабирді зиярат етіп, ұлт көсемінің рухына бас иген еді. Алдағы бес жылда елді басқаратын президентті атты әскерилер қарсы алды. Әскери шеру барысында 101 рет зеңбірек атылды. Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл. 101 Ердоған жаңа кезеңнің басталғанын меңзесе керек. Ұлықтау рәсімінен кейін президент Ердоған жергілкті уақытпен сағат 20:00-де Чанкая сарайында шетелдік қонақтарының құрметіне кешкі ас береді. Мұнан кейін президент Ердоған жаңа кабинет мүшелерін тағайындайды.