Түркияда жаңа министрлер кабинеті жасақталды
Түркияда Ердоған билігінің үшінші онжылдығы басталды.
Мұны бауырлас елдің президенті «Түркия ғасыры» деп жариялады. Реджеп Тайип Ердоған алдағы бес жылда ел экономикасын көтеріп, біраз істің бетін қайырамын деп отыр.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркия президенті ант берді. Оған әлемнің 78 елінен жоғарғы лауазымды тұлғалар қатысты. Оның 21-і президент, 13-і үкімет басшысы, министрлер, НАТО, Ислам ынтымақтастық ұйымы өкілдері. Бастысы, түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары бұл жолы да түгел төбе көрсетті. Келелі рәсімге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та барды.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Түркі елдерінен Қазақстан Президентіне ұлықтау рәсіміне қатысқаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Түркия президенті бұған дейін өзіне қолдау көрсеткен мемлекет басшыларын ұмытпайтынын айтып, жаңа кезеңде қарым-қатынастың одан да жоғарғы деңгейге шығатынын мәлімдеген. Халықаралық қатынастар маманы, профессор Чынар Өзеннің айтуынша, қазақ- түрік қатынастары одан әрі нығая бермек.
Чынар Өзен, халықаралық қатынастар маманы:
- Қазақстан маңызды сауда серіктесіміз. Табиғи байлықтардың деніне ие. Түркия тұрғысынан бұл екі фактор маңызды, әрі елдерде өндіріс жақсы дамыған. Бір-біріміздің қажеттілігімізге қамтамасыз ету тұрғысынан маңызы зор. Тек сауда-саттық емес, адами қарым-қатынасымыз, әрбір ведомстволардың ынтымақтастығы артатынына сенімдімін.
Ердоған ұлықтау рәсімінен кейін министрлер кабинеті мүшелерін бекітті. Бұл жолғы, министрлер құрамында әлемдік тәжірибесі мол мамандар қамтылған. Мәселен, қаржы министрі болып, белгілі экономист Мехмет Чимчек тағайындалды. Ал бұрынғы барлау мекемесінің басшысы Хакан Фидан, жаңа кезеңде Сыртқы істер министрі болмақ. Ал денсаулық сақтау министрі мен мәдениет және туризм министрі қызметтерінде қалды.