Каирде Бейбарыс Сұлтан мешіті ашылды
Даңқты билеушінің 800 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатқа ата-жұрттан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев барды.
Жиынға Әл-Әзһәрдың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб пен дін өкілдері қатысты. Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Әзһәрдың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Сұлтан аз-Захир Бейбарыс мешіті Мысыр астанасы Каир қаласының ежелгі аудандарының бірінде орналасқан. 13-ші ғасырда негізі қаланған діни орын Бейбарыс Сұлтанның әмірімен салынды. Осман империясы кезінде мешіт әскери қару қоймасы болса, француз басқыншылығынан кейін де әскери форт қызметін атқарды. Ғимаратты реставрациялау 1960-жылдары басталып, жарты ғасырға жуық созылды. Қос елге ортақ тарихи мәдени мұраны қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан да қатысты.
Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихында дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде белгілі. Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға. Реконструкциядан кейінгі мешіттің ресми ашылуына Сенат Төрағасы бастаған қазақстандық делегация арнайы келді.
Қайрат Сәки, Нұр-Мүбарак университеті «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:
- Байбарыс көптеген мұра қалдырған ғой құрылыс саласына. Соның ішінде ең ірісі осы мешіт болып табылады. Сондықтан бүгін қуанышты жағдай. Екі елдің бірлескен күшінің арқасында осы мешіт қайта қалпына келтірілді. Осы жерде екі тақта ілулі тұр. Біреуі Михрабта ілулі тұр. Екіншісі осы кіреберісте ілулі тұр. Сол тақтада Сұлтан Бейбарыстың аты Бейбарыс емес, Байбарыс екендігін көрсететін жазбалар бар. Соны мен қуанышпен айта аламын. Себебі Байбарыстың Бейбарыс болып аталып кетуі, дұрыс оқылмауы салдарынан болған.
Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Тарихшылар Бейбарысты Исламның ең ұлы патшасы деп сипаттаған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Бүгінгі шараға қатысушыларға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жылы лебізін және көне мешіттің ашылуына байланысты құттықтауын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Біздің еліміз осы мерейтойды жоғары дәрежеде атап өтуге аса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға.
Мәулен Әшімбаев Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен екіжақты кездесу өткізді. Онда тараптар конфессияаралық диалогты дамытудың маңызды мәселелерін талқылады. «Мысыр Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды және сенімді серіктестерінің бірі. Алдағы уақытта біздің ел көпжақты байланысты одан әрі дамытуға мүдделі», - деді Сенат Төрағасы. Осы жолда қос тарап парламентаралық байланысты нығайтпақ.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков