Мысырда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр

Осыған орай Каирде отандық өнерпаздардың қатысуымен гала концерт ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай үлкен халықаралық конференция болды. Шарада даңқты қолбасшы туралы кітап көпшілік назарына ұсынылды.  

Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген тарихи тұлға Бейбарыс Сұлтан туралы дерек көп. Каирдегі конференция осы бағытта зерттеу жүргізген ғалымдарды бір алаңға тоғыстырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Біздің тарихи-мәдени байланысымыздың тамыры тереңнен бастау алады. Бейбарыс Сұлтанның тұлғасы соның жарқын дәлелі. Ол қазақ даласында туып-өсіп, араб жерінде айтулы басшыға айналды. Бейбарыс секілді тұлғаның өмірі тарих ғылымы үшін өте маңызды екені сөзсіз. Сондықтан оның зерттеу және дәріптеу жұмыстарын одан әрі жалғастырудың маңызы зор деп есептейміз.

Шарада Сирия, Мысыр, Израиль, Палестина және басқа да елдерден Бейбарыс Сұлтанға қатысты жазбалар жинақталған кітаптың тұсаукесері болды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Еуропалық ғалымдар шығарған «Байбарыс араб және түрік сұлтаны» деген үлкен кітаптың тұсаукесері өтеді. Жалпы бұл конференция Байбарыс тануға қосқан үлес деп ойлаймыз. Байбарыс және мәмлүк мұрасына қатысты энциклопедия шығару, осындағы барлық жазбаларды жинақтау, оларды түрлі тілдерде шығару ойымызда бар.

Бейбарыс Сұлтанға қатысты тарихшылар тың деректер келтірді. Ислам әлемі туралы 150 кітап жазған ливандық профессор Мысыр билеушісінің шайқас кезінде ерекше тактика қолданғанын айтады.

Омар Абдель Салам, ливандық тарихшы:
- Сұлтан Бейбарыс Мысырдағы жасырын жолдарды жақсы білген. Мәселен, Мысыр жерін крестшілерден азат еткенде сол жасырын жолдарды пайдаланған. Олардың бекіністерін бұзып кіріп, тікелей шабуылға көшкеннен гөрі жергілікті жердің ыңғайына жүгінген. Ол бірнеше шайқасты солай жеңген болатын.

Мысырмен мәдени байланыс та нығайып келеді. Араб республикасындағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Каир опера театрында біздің әртістер өнер көрсетті.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- 2016 жылы осы Каирдың төрінде өзіміздің Ұлы Абайымыздың ескерткіші ашылды. Бірқатар Үкіметаралық комиссия жұмыс жасап жатыр. Сондықтан да биылдың өзінде елордамыздың төрінде, Астана қаласында осы мәмлүктердің уақыты ислам мәдениетінің, өркениетінің көрмесі өтеді деген жоспар құрылды.

Сонымен қатар биыл қарашада Египеттің үкімет мүшелері Қазақстанға келеді. Тараптар мәдениет, спорт, туризм салаларын бірлесіп дамыту жоспарын талқылайды.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Египет қазақстандықтар жиі келетін жерлердің бірі. Танымал туристік бағыттардың тізімінде ол үшінші орында тұр. Жылына мұнда 150 мыңға жуық қазақстандық келеді. Араб республикасы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, қос бағыттағы туристер ағынын арттыруға ниетті. Ол үшін Египет елшілігі Қазақстанмен арада 14 күндік визасыз режим енгізуді ұсынды.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Мысыр арасында ұшақ аптасына 21 рет ұшады. Егер визасыз режим енгізілсе, туристік бағытта тың серпін болмақ.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков