Өзбекстан тоқыма өнімдері экспортынан жылына 3 млрд доллар тауып отыр

Өзбекстан тоқыма өнімдерін экспорттаудан, жылына 3 млрд доллар пайда тауып отыр.

Көршімізде тігілген киім Қазақстан, Ресей, қала берді Еуропаға жөнелтіліп жатыр.

Наманганның Чуск ауданындағы арнайы экономикалық аймақта 20-дан аса тігін фабрикасы бар. Жеңіл өнеркәсіп кластерінің негізін жергілікті инвесторлар құрайды. Орташа жалақы 300 доллардан кем емес. Есесіне фабрикада жатын орын мен тамақ тегін. Қызметкерлер қаладан қатынап жұмыс істейді. Кәсіпорын маңында балабақша бой көтеріп жатыр. Инвестор жұмысшыларға барынша жағдай жасап, тапқан табысын елдің мүддесіне жаратқан. 

Дильшод Исматуллаев, фабриканың құрылтайшысы:

- Фабрикада 2 мың адам жұмыс істейді. 15 мемлекетке өнім экспорттаймыз. Әлемдік брэндтер тапсырыс береді. Өткен мамыр айында 3 млн доллар табыс таптық. 2017 жылы мемлекет бізге арнайы экономикалық аймақтан 15 гектар жер беріп, жаңа кәсіп бастағанбыз. Қазір өстік, ұлғайдық. Біз жергілікті инвестормыз. Сырттан келген кәсіпкерден басты айырмашылығымыз – тезірек пайда тауып, қайтуды емес, осы жердің келешекте көктеп-көркеюіне жұмыс істейміз. 

Облыстың тоқыма кластеріне жергілікті ғана емес, Тәжікстаннан да жұмысшы тартылады. Себебі тапсырыс көп. Жұмыс күші жетіспейтін кездер болады. Заманауи қондырғылардың дені Германиядан әкелінген. Оны шекарадан алып өту бұрынғыдай қиынға соқпайды. Кәсіпкерлерге жеңілдік жасалған.

Шавкатбек Зайнутдинов, фабриканың басқарушы директоры:

- Ерлерге арналған киім шығарамыз. Германия, Франция, Түркияға өнім экспорттаймыз. Қазақстаннан да тапсырыс түседі. Мектеп формасын да шығарып бердік. Біздің өңірде тігін фабрикалары өте көп. Осы компанияның өзінде 8 бірдей шеберхана бар.

Бұқара өңірі де жеңіл өнеркәсіп саласында озық тәжірибе көрсетіп келеді. Кәсіпорындар арасында бір-бірімен тығыз байланыс бар. Мақтаны егіп, оны терумен ғана шектелмейді. Арнайы фабрикада терең өңдеп, жіп, кейін түрлі-түсті мата дайындайды. Бір ғана цехта жүздеген адам жұмыс істейді. Шетелден тек технологиялық процеске жауапты мамандар тартылған.

Шермұхамад Ачилов, иірілген жіп және мақта дайындау фабрикасының өкілі:

- Тоқыма өнеркәсібі ұлттық брэндімізге айналуы керек. Президентіміз тарапынан осы салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Үкіметке еш ренішіміз жоқ. Мұнда тігілген киім-кешектер Еуропа және ТМД елдеріне экспортталып жатыр. Фабрика биыл экспортқа 50 млн доллардың өнімін жөнелтпек. Былтыр көрсеткіш 30 млнның шамасында болды. 

Өзбекстан бұл салада жылына 3 млрд доллардың өнімін шетелге экспорттап отыр. Тері өңдеп, аяқ-киім жасау да жолға қойылған. Соңғы жылдары Қазақстанмен тығыз байланыс орнап, экспорттық және импорттық келісімдер жасалды. Бұл салада көршіміз тәжірибе бөлісіп, сенімді серіктес атануға дайын.

Рауан Мыңбаев