Қазақстан БҰҰ жәрмеңкесіне қатысты
Қазақстан БҰҰ-ның қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нью-Йорктегі штаб-пәтерде өткен жыл сайынғы шара дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен жергілікті тұрғындар үшін маңызды мәдени оқиға саналады. Сондықтан БҰҰ-дағы біздің тұрақты өкілдігіміз де қайырымдылық шарасынан қалыс қалмады. Қонақтарға ұлттық мәдениетіміз кеңінен таныстырылып, қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрсетілді. Дәстүрлі ұлттық нақыштағы киімдер, кәдесыйлар, еліміз туралы танымдық кітаптар көрсетілген қазақстандық стендке келушілер көп болды. Кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан бұйымдар жұртшылық арасында ерекше қызығушылық пен сұранысқа ие болды. Жәрмеңкеден түскен қаражат Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерді, Сирия мен Украинадағы мұқтаж жандарды қолдауға арналған қайырымдылық шараларына бағытталмақ.
Аура Велазкуэз, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:
- Бұл халықаралық базарда түрлі мәдениетпен етене танысып жатырмыз. Маған ерекше ұнағаны – Қазақстан бұрышы. Көптеген ерекше мәдени жәдігерлерді көріп қайран қалдым. Әсіресе қазақ әйелдерінің әшекейлері көзге оттай басылады. Барлық заттары – қайталанбас бұйымдар.
Зарина Созақова, шараға қатысушы:
- Біздер әйелдер тарапы атынан қолдан жасалған әшекей бұйымдар, салт-дәстүрімізді насихаттайтын кітаптар, неше түрлі кәдесыйлар ұсынып отырмыз. Осы базардан жиналған қаражат әлемдегі мұқтаж жандарға жұмсалатын болады.