АҚШ қалаларын түтін тұмшалады
Канададағы орман өрті АҚШ тұрғындарын әбігерге салды.
Құрама штаттардың шығыс аймақтары көк түтінге оранды. Ауа сапасының күрт нашарлауынан мектептер жабылып, рейстер кешіктіріліп жатыр. Нью-Йоркте ауа сапасы қалыпты межеден 8 есе асып кеткен. Тыныс аурулары асқынып, дәрігерлерге жүгінген тұрғын көп. Қала губернаторы ахуалды төтенше жағдай деп атады.
Гэри Хартман, турист:
- Далаға шығып, спортпен айналысу мүмкін емес. Демікпе немесе басқа да тыныс аурулары бар азаматтарға көшеде ұзақ уақыт жүру тіпті қауіпті. Ауаны басқа ел ластап жатса қандай шара қолдануға болады?
Канаданың батысы мен шығысындағы бірнеше провинцияда қазір 400-ден астам алқап өртеніп жатыр. Жыл басынан бері 3 млн гектар жер жанып кеткен. 100 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандар «биылғы жаз Канада үшін ең ауыр мезгіл болғалы тұр», - дейді.