Нью-Йоркті түтін тұмшалады
Канададағы табиғи апат көршілес елдерге де әсер етіп жатыр.
Алапат өрттің түтіні АҚШ-тың біраз аймағына тарап, ауа ластанды. Арнайы мониторинг жасайтын IQAir платформасының мәліметінше, Канадамен көршілес жатқан Нью-Йорк пен Детройтта ауаның ластануы әлемдегі ең нашар көрсеткішке жеткен. Қалыптасқан жағдайға байланысты елдегі 75 миллионға жуық адам қауіпті ауамен тыныстауға мәжбүр. Тұрғындарға көшеге шықпай үйде отыру жөнінде хабарлама жасалды. Демалыс күндеріне қарай жағдай жақсарады деген болжам бар.
Вашингтонда алыстан мұндалайтын әйгілі Линкольн Мемориалы мен зәулім Капитолийді көк түтін тұмшалап, көрінбей қалды. Әдеттегідей емес, көшеде жүгіріп, спортпен айланысатын жергілікті тұрғындар да көп емес. АҚШ-тың солтүстігіндегі Канада да барынша тілсіз жаумен арпаласып жатыр. Биыл үйеңкі жапырақты елде құрғақшылық жайлап, орман өрті жиілеп кетті. Қызыл жалыннан Канаданың 10 провинциясы мен әсіресе Квебек қатты зардап шекті. Кейбір өрт жәй түскеннен шыққан. Алапат өрттің түтіні Нью-Йорк қаласына да жетті. Жергілікті билік барынша көмек көрсетіп, тұрғындарға тегін маска таратылды.
Джон Чан, Нью-Йорк тұрғыны:
- Өкпемді ауыртып алмайын деп, маска алуға келдім. Егер түтіннің көзге көрінбейтін, тозаңнан да кішкентай бөлшектері өкпеге жиналса, ауру болып қаласыз.
Бонни Каветт, Нью-Йорк тұрғыны:
- Мен қолымнан келгенше денсаулығымды сақтаудың барлық шараларын жасауым керек. Орман өрттері қашан аяқталатыны белгісіз.
Вашингтон қаласының маңындағы Вирджиния және Мэриленд штатын көп түтін тұмшалады. Канададағы ормандар өртінен шыққан ыс әсіресе тыныс мүшесі ауыратын жұртқа ауыр тиіп тұр. АҚШ билігі бірнеше штатта халықты үйде отыруға шақырды. Әсіресе, Канадамен шекаралас маңдағы штаттар мен қалалардағы денсаулық сақтау органы спортпен айналысуды шектеу тұруды ескертті. Өйткені сау адамның өзін ауру қылатын қауіпі бар. Тұрғындар да барынша сақтық танытып, серуендеуді азайтты. Туристер көп жүретін алееялар мен саябақтарда да халық қарасы бұрынғыдай көп емес.
Ауа сапасын қадағалайтын AQI швейцариялық технологиялық компанияның веб-сайтының хабарлауынша, ең лас ауа Балтимор мен Филадельфиядағы кейбір қалада тіркелді. Бұл аймақтарда атмосфердағы зиянды қалдықтар индексі 400-ден асып кетті. Орман өртінің түтіні әуе қатынасына да кедергі келтірді. Нью-Йорк, Филадельфия, Нью-Джерси, Ньюарктағы үлкен әуежайлар ұшып келуді кейінге шегерді. Екінші күн миллиондаған адам жолдан қалды. Жалпы Канададағы тілсіз жау 4 миллионға жуық гектар жерді шарпып, 120 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Авторы: Нұрбек Бекен