Канадада 400-ден аса алқап отқа оранған
Канададағы орман өрті әлі ауыздықталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалын күн сайын ондаған гектар жерді шарпып, жолындағының бәрін тып-типыл етіп жатыр. Соңғы бірнеше аптаның ішінде мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Өрт түтіні АҚШ аумағына жетіп, 10-нан астам штаттың аспанын түтін басты.
Канадада бірнеше ай бұрын басталған орман өрті соңғы апталарда тіпті күшейді. Мәліметке қарағанда қазір бүкіл ел аумағында 400-ден аса алқап отқа оранған. Британиялық Колумбия, Альберта, Саскачеван, Квебек провинцияларынан мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Франсуа Боннардель, Квебек провинциясының Қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі министрі:
- Қазір Квебектің солтүстігінде 58 жерде орман лаулап жатыр. Тісіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп, әскерилер жұмылдырылған. Бірақ жалынды бақылауға алу мүмкін болмай тұр. Апат аймағынан 13 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды.
Квебекке көрші Жаңа Шотландия провинциясында да осындай ахуал. Бір апта бұрын мамандар Галифакс қаласына жақын жердегі ірі өрт ошағын сөндірген еді. Бірақ ыстықтан орманды алқаптар қайта тұтанған. Мұнда табиғат апатынан 16 мың тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Джейсон Дейн, жергілікті тұрғын:
- Мен бұл жерде 25 жылдан бері тұрып келемін. Мұндай өртті алғаш рет көруім. Әдетте бұл аймақта ауа райы ылғалды, орман өрті сирек болушы еді. Ал өртеніп жатса, көп аумаққа тарала бермейтін.
Лаулаған жалыннан Канаданың көп қаласын түтін тұмшалады. Оттава мен Торонто шаһарларының аспаны ашылмай тұр. Тұрғындар бетперденің өзі қорған болмай жатқанын айтады.
Анри Джейкоб, жергілікті тұрғын:
- Көшеге шықсаң, түтін қолқаны қабады. Далада жүру мүмкін емес. Тіпті үйдегі терезені бірнеше секундқа ашсаң, бөлмеңді түтін жауып кетеді.
Канададағы орман өртінен америкалықтар да қатты зардап шегіп жатыр. Себебі түтін АҚШ аумағына жетіп, 13 штаттың көгін тұмшалады. Ауа сапасының күрт нашарлауынан мектептер жабылды. Ұшақ қатынасы қиындады.
Фрэнк Винчелл, жергілікті тұрғын:
- Мен бұл жерде көп жылдан бері тұрып келемін. Бірақ қаланы қазіргідей түтін басқанын бірінші рет көріп тұрмын. Менің ойымша, ормандардың өртенуі – климаттың өзгеруінің салдары.
Қазір Кандадада тілсіз жаумен күрес күні-түні жүріп жатыр. АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка және Еуропаның бірнеше елі жүздеген өрт сөндірушісін аттандырды. Бірақ күннің ыстық әрі желді болуы лаулаған өртті ауыздықтауға көп кедергі келтіріп жатыр.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.