Францияда ормандағы өртпен күрес күшейді
Былтыр бұл елде 72 мың гектар жасыл желек күлге айналған.
Бұл жылдық орташа көрсеткіштен 6 есе жоғары. Француз депутаттары орманды тілсіз жаудан қорғау туралы заң жобасының қандай болатынын келіскендей болып отыр.
Францияда жыл басынан бері 20 мың гектар орман өртеніп кеткен. Сарапшылар «бұл басы», - дейді.
Франсуа Пимо, Агрономия зерттеулері ұлттық институтының инженер-зерттеушісі:
- Орман өрті көбейеді. 2050 жылға қарай елдің оңтүстік-батысындағы орманның 85 пайызы отқа орану қаупі бар. Ал ғасырдың аяғында ормандардың өртенуі ғаламдық сипатқа ие болмақ.
Депутаттар қызметкерлерінің ерікті өрт сөндіру бригадасына кіруге мүмкіндік жасаған жұмыс берушілерге салық жеңілдігін жасауды ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік өрт сөндіру қызметіне жанармай алым-салықсыз берілуі мүмкін. Бұдан басқа, орманда шылым шегуге тыйым салынбақ. Тілсіз жаудың тұтануына және кісі өліміне әкелген темекі тұқылын тастаған адам 10 жылға дейін сотталып, 150 мың еуро айыппұл төлеуі керек дейді заң шығарушылар.
Кристиан Пинадо, орман өсіру бойынша сарапшы:
- Бүгінгі қауіп-қатерді ескере отырып, орманды қорғау ұлттық басымдыққа айналуға тиіс. Бұл жерде климат өзгерісін, ғаламдық жылынуды, жазда демалушылар санының артуын да ескерген жөн. Елдің оңтүстік-батысында біз өрттің басталған жерін анықтайтын технологияны дамыттық.
Сарапшылар орманнан 200 метр аумақта орналасқан нысандарды қорғау - өрттің ең тиімді алдын алу шарасы дейді. Францияда сақтану шарттарын орындамағандарға бұдан былай айыппұл салынуы мүмкін. Өрт қаупінен қорғалмаған әр шаршы метр үшін 30-50 еуро жаза белгілеу ұсынылуда.
Софи Панонакль, Ұлттық Ассамблея депутаты:
- Жаңа заңның күшімен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерін дрондарды пайдалануға міндеттегіміз келеді. Бұл құралдар өрт қаупін анықтауға жақсы көмектеседі.
Францияда ормандағы ауа райына жеке болжам жасайтын арнайы қызмет те пайда болады. Ауа температурасы 30 градус асқанда, ылғалдылық 30 пайыздан кем болғанда және желдің екпіні сағатына 30 шақырымнан күшейгенде, дабыл қағылады.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова