Тұманды Альбион өрт алдында дәрменсіз
Қалың өртке дамыған елдер де қайран қыла алмай отыр.
Тұтас қалалар оттың ортасында қалып, ел жаппай эвакуацияланған жағдайлар көп. Тұманды Альбион да өртке дәрменсіз.
Ғалымдар мұның бәрін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Ал өрт сөндірушілер жоғары технологияға үміт артады. Табиғи апатпен күресте әсіресе жасанды интеллекттің пайдасы көп.
Ұлыбританияда былтырғы аптап ыстықта өрт жағдайлары көп болып, халықты әбігерге салды. Тілсіз жау Лондонның шығысындағы Веннингтон ауданының түгін қалдырмады. Ал биыл жүздеген дала алқаптарындағы шөп отқа оранды. Соңғы екі апта көлемінде Ұлыбритания тарихындағы ең үлкен өрттердің бірі Шотландиядағы ормандарда тіркелді.
Том Смит, Лондон экономика мектебі университетінің профессоры:
- Біз ыстық әрі құрғақ кезеңдердің куәсі болып жүрміз. Болжамдар бойынша, олар осы ғасырдың соңына дейін жалғаса бермек. Егер әрине көмірқышқыл газының тарауын және атмосфера құрамындағы парниктік газдың деңгейін азайтпасақ.
Ғалымдардың пікірінше, ерте әрекет ету өте маңызды. Сондықтан олар жалын жалмау ықтималдылығы жоғары жерлерді компьютерлік технологиялардың көмегімен алдын ала анықтауға тырысады. Стартап жобалардың авторлары болса, жасанды интеллекттің көмегіне жүгінуге шақырады. Олардың ойлап тапқан құрылғылары орман өрттерінің алғашқы белгілерін танып білуге машықтанған. Камералар бүкіл ақпаратты жасанды интеллект арқылы сараптап отырады.
Андре Чанг, Robotics Cats компаниясының бас директоры:
- Өрт сөндірушілер алдында шынымен де қиын міндет тұр. Олардың дер кезінде әрекет етуге мүмкіндіктері бола бермейді. Тілсіз жаудың тұтанған жері ертерек анықталса, оны ауыздықтауға көп шығын кетпейді.
Бұл Лондондағы өрт сөндіру және құтқару қызметі. Мұнда жұмысты қамтамасыз етуге қажет технологиялардың бәрі бар - қайықтан бастап, тыныс алу аппараттарына дейін. Катерлері өрт сөндіруге қажет өзен суын сору үшін ғана пайдаланылмайды - апатқа ұшыраған кемелерді құтқарады және суға кеткендерге көмектеседі. Дрондары өрт сөндірушілер үшін қауіпті жерлерге кіреді. Барлығы бақылау орталығы арқылы басқарылып отырады.
Роберт Ханнан, Лондон өрт сөндіру және құтқару қызметі бақылау орталығының жетекшісі:
- Мына электронды картаға қарап, Лондон төңірегіндегі белсенділігімізді анық аңғаруға болады. Жасыл түс өрт сөндіру көліктері мен қызметкерлеріміз жеткілікті дегенді білдіреді. Қызыл түспен бейнеленген жерлерге көмек керек. Және бұл түстер онлайн режимде жаңартылып отырады.
Өрт сөндірушілердің орташа айлықтары инфляция деңгейі шарықтаған заманда Лондон үшін бұл мардымсыз болып тұр. Сондықтан қауіпті мамандық иелері ереуілге шыққысы да келген. Бұдан бөлек қысқартулар да көп, жұмыс қолы жетіспейді.
Ғалымжан Қараманұлы