Трампқа қатысты сот отырысы басталды

Бүгін АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трампқа қатысты сот процесі басталды.

Прокурорлар оны мемлекеттік аса құпия құжаттарды, қасақана жасырды және жария етті деп айыптады. Жалпы экс-президентке қатысты 37 қылмыстық іс қозғалған. Трамп сот барысында, өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Қалай болса да Трамп үстінен федералдық деңгейде, қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған АҚШ-тың алғашқы президенті ретінде тарихта қалмақ.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Дональд Трампқа ұлттық қауіпсіздікке байланысты құпия құжаттарды жариялау және жасыру бойынша қылмыстық іс қозғалған. Майами сотына келген бұрынғы президент бірден оқшауланып, қос қапталына күзет қойылды. Бұл айыптауды тыңдайтын адамға жасалатын тәртіп. Сот алдында бәрі тең. Трамп екі адвокатпен келді. Қалған үш қорғаушысы мемлекеттік деңгейде айып таққан соң, ары қарай жұмыс істеуден бас тартқан. Сот бүгінгі отырысты түсіруге және тікелей хабар таратуға тыйым салды. 

Джеймс Сэмпл, конституциялық құқық профессоры:

- Менің ойымша, бұл сот заң үстемдігінің дәлелі. Әрбір адам әрекетіне жауап беруі тиіс. Десе де, егер қарапайым азамат осы айыптау актісінде айтылған қылмыстарды жасаған болса, онда ол бостандық дегенді мүлдем ұмытар еді. Ал бұл жерде іс  Дональд Трампқа қатысты болған соң Әділет департаменті аса сақтық танытып жатыр.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Сот алдында 40 минуттай отырған Трамп ешкандай шартсыз үйіне жіберілді. Оның жүріп-тұруына ешқандай шектеу де қойылған жоқ. Әдеттегідей миллиондап кепіл ақша қою туралы талап та жасалмады. Бірақ осы іске қатысты куәгерлермен және өзінің көмекшісімен байланысуға тыйым салынды.  46 беттен тұратын тергеу актісі бойынша экс-президент құпия құжаттарды қасақана жасырды және оны көруге құқы жоқ адамдарға жариялады, тергеу ісіне кедергі жасады деп айыпталып отыр. Ант беріп жалған сөйледі дегені тағы бар. Енді Трамптың тағдыры он екі адамнан тұратын алқабилер тобына байланысты. Сот үкім шығару үшін он екісі де сөзсіз Трампты кінәлі деп табуы керек. Тіпті бір адам күмән келтірсе, сот қарауы тоқтатылады. 

Неама Рахмани – бұрынғы федералдық прокурор «Әділ және бейтарап алқабиді табу оңайға соқпайды. АҚШ-тағы әрбір адам бұл істен хабардар және Дональд Трамп туралы біржақты ойда. Сондықтан өз пікірін емес, заңды басшылыққа алқабилер табу мiндеті тұр. 

Нұрбек Бекен, тілші:

- Дегенмен, соңғы екі айда екі рет сотқа тартылған Тамптың жақтаушылары артып барады. Сауалнама бойынша республикашылдардың 81 проценті қылмыстық істің саяси астары бар деп есептейді. Сондықтан Дональд Трамп 2024-тегі президент сайлауы алдындағы үгіт насихат науқаны үшін ұтымды пайдаланып жатыр. Сарапшылар болса, экс президент сот процесін мүмкіндігінше саяси науқан өткенше созуға тырысады деп санайды. Себебі бүгін 77 жасқа толған Трампты келер жылы өтетін президент сайлауында жеңіске жетсе, қылмыстық істі тоқтатып тастауға не айыпты деп танылып жатса өзіне рақымшылық жасауға құқы бар. Қалай болса да Трамп үстінен федералдық деңгейде қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған АҚШ-тың алғашқы президенті ретінде тарихта қалмақ. 

НБ