Грузияда пәтер жалдау арзандады

Сарапшылардың есебінше, бұл көрсеткіш соңғы 3 айда 30 пайызға төмендеген.

Бірақ коронавирус індетіне дейінгі деңгейге жете қойған жоқ. Бағаның түсуіне Ресей, Украина мен Беларустан келушілердің сиреуі - басты себеп. Гүржі еліне туристер әдетте 20 маусымнан кейін қаптап келе бастайды.

Грузияда, оның ішінде Тбилисиде пәтер жалдау ақысы 1 жылдың ішінде 1 жарым есе көтерілді. Алайда соңғы айда ғана баға едәуір төмендеген. Мамандар мұны елге келетін туристер нөпірінің азаюымен байланыстырады. Қазір Тбилисиден пәтердің шаршы метрін орташа алғанда 13 долларға жалдайсыз. 

Хелен Стерлинг, жылжымайтын мүлік нарығының кеңесшісі:

- Қаланың орталығынан 2 бөлмелі пәтерді шамамен 700-800 долларға табуға болады. Ал люкс пәтерлерді 1 мың долларға жалдай аласыз. Соңғы 3 айда бағалар қатты өзгеріп жатыр.

Баспана жалдау ақысы арзандағанымен азық-түлік сияқты қажетті тауарлардың құны шарықтап барады. Туризм саласында, жалпы қызмет көрсету бағасы қымбат.

Георгий Тетраули, Грузияның Статистика басқармасы бағалар департаментінің басшысы:

- Экскурсия жасату, қонақ үйлер мен тамақтану орындарында қызмет көрсету бағасы біршама өсті. Өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда туристік қызмет көрсету құны 17 пайызға артқан. Қонақ үй жалдау 2, ал мейрамханадағы қызмет 12 пайызға көтерілген.

Ал күнбе-күн жалға берілетін пәтерлер арзандады. Мысалы, Тбилисидің орталығынан 1 бөлмелі пәтерді 80, ал қаланың шетінен 10 долларға жалдауға болады.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина