Аргентинада инфляция бәсеңдемей тұр
Елде бағалардың жылдық өсуі 114 пайыздан асты.
Салдарынан тұрмысы нашарлағандар саны көбейген. Ал Түркияда соңғы үш жылда инфляцияны ауыздықтау үшін 200 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалған.
Аргентинада шарықтаған инфляциядан халықтың әл ауқаты төмендеп, кедейлікке душар болған жандар көбейді. Мемлекетте әр оныншы тұрғынның төртеуі қаржы қыспағына түскен. Буэнос Айрестегі қайырымдылық ұйымында жұмыс істейтін Анаи Робледо күн сайын 50 отбасын тегін тамақтандырады. Олардың қарасы ай сайын артып келе жатқанын айтады.
Анаи Робледо, ерікті:
- Еліміздегі жағдай барған сайын нашарлауда. Бұл қатты алаңдатады. Мен әр отбасының дастарханында балаларымен бірге отырып ішетін асы болса деймін. Мына сияқты тегін асханаға келіп тамақтанып жүрмесе екен деп ойлаймын.
Түркия
Түркияда да инфляция бәсеңдемей тұр. Елде бағалар соңғы бір жылда 85 пайызға өскен. Осының салдарынан түрік валютасы - лира да құнсызданып, долларға шаққанда 40 пайызға арзандаған. Түркия ұлттық банкі оның құнын тұрақты ұстап тұру үшін 2021-ші жылдан бері 199 миллиард доллар жұмсаған.
Энвер Эркан, экономист:
- Орталық банк пайыздық мөлшерлемені енді жиі көтереді деген болжамға қарамастан лира арзандап жатыр. Бірақ еркін нарық пен реттеуші органның бақылауды төмендетуіне байланысты жағдай түзеледі деп ойлаймын.
Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әлем экономикасы келер жылдан бастап қана қалыпты дамуға көшеді деп отыр. Оған дүниежүзінде орталық банктердің пайыздық мөлшерлемені көтеруі ықпал етпек. Болжамға қарағанда келесі жылы әлем экономикасы 2,9 пайызға өседі.
Авторы: Дәурен Ақашұлы