Санкт-Петербургте халықаралық экономикалық форум басталды
Санкт-Петербургте 26-шы халықаралық экономикалық форум басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл оған әлемнің 130 елінен 17 мың адам қатысады. Алаңда цифрлық технологиялардың дамуы, еңбек нарығы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлемдік экономикадағы өзгерістер талқыланады.
Дана Нұржан, тілші:
- Жыл сайын Петербордағы халықаралық форумға белгілі саясаткерлер, ірі бизнес өкілдері, инвесторлар мен сарапшылар жиналатын. Бұрын бұл жиын «Ресейдің Давосы» деген атаққа ие болған. Бүгінде мұнда Еуропа мен АҚШ-тан келген қатысушылар жоқ. Олардың орнына Қытай, Таяу Шығыс, Африка, Азия және Латын Америкасы елдерінің делегациялары келген. Дегенмен бұл алаңда бұрынғыдай маңызды келісімшарттарға қол қойылып, стратегиялық сессиялар өтіп, әлемдік экономикадағы жаһандық өзгерістер талқыланады. Ресей биылғы жылдың басты тақырыбы ретінде экономиканың егеменді дамуын таңдады.
Бұл форумға Қазақстанның атынан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған делегация қатысып жатыр. Бағдарламада ірі бизнес өкілдерімен кездесулер мен келісімдерге қол қою жоспарланған. Соның бірі мұнай транзитіне қатысты.
Алмасадам Сәтқалиев, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:
- Қазақстан мен Ресей мұнайын осы елдердің құбыр жүйелері арқылы транзиттеу туралы келісімге қол қойылады, бұл біздің мұнай компанияларының экспорттық нарықтарға шығуын қамтамасыз етеді. Шекаралас облыстардың басшыларымен өзара сауда мәселелерін талқылау үшін бірқатар кездесулер өтеді. Сондай-ақ ірі халықаралық инвестициялық жобаларды талқылау үшін энергетика, логистика саласындағы ресейлік ірі компаниялардың басшыларымен жүздесеміз.
Ресейдің бірқатар облысының басшыларымен кездесу барысында бірлескен жобалар мен өзара сауданы дамыту мәселелері талқыланды.
Айсен Николаев, Саха Республикасының басшысы:
- Әсіресе тау-кен өнеркәсібі мен сервистік компанияларды құру саласында өте үлкен әлеует бар. IT саласында ынтымақтастықтың болашағы зор. Бірқатар якут компаниялары қазір Қазақстанға көшіп, жұмыс істеп жатыр. Бірлескен жобалар арқылы сұранысқа ие болатын жаңа бизнес құруға мүмкіндіктер бар екенін көріп отырмыз.
Марина Ефанцева, Татарстан Инвестициялық даму агенттігі басшысының орынбасары:
- Қазақстан – біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз, соңғы жылдары ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Нақты экономикалық нәтижелер бар. Соңғы бір жылда сауда айналымы $800 млн құрады. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында сауданы $230 млн дейін жеткіздік.
Санкт-Петербург форумы тағы 2 күнге жалғасады. Стратегиялық сессияларға қатысушылар жасанды интеллектінің қарқынды дамуын, демографиялық жағдайды жақсарту стратегияларын талқылайды. Ауқымды шара аясында жастардың экономикалық форумы да өтеді.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.